ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Көптілділік- ұлт тілінің шұбарлануы проблемасы

Көптілділік- ұлт тілінің шұбарлануы проблемасы

ӘӨЖ: 81′246.3:811.512.122

Бектембекова Айгүл Әмірханқызы 

 Тараз политехникалық колледжінің
информатика пәнінің оқытушысы

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Көптілділік- ұлт тілінің шұбарлану проблемасы. 
Тіл- ол қашанда болмасын белгілі бір ұлттың тірегі, жүрегі, діңгегі, шығу тарихы деп есептейді тарихшы ғалымдарымыз бен қазақ ақын-жазушыларының барлығы да дерлік. Алайды осы тұста үш тұғырлы тіл – көп ұлтты мемлекетіміздегі байыпты саясат нәтижесі деген сөйлем жолына үңіле қарасақ.
Егеменді ел болып есімізді енді жинаған уақытта елімізде «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Осы заңымызға сәйкестендіріп сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі- ұлтаралық тіл деп бекітілгені баршамыздың да есімізде осы күнге дейін. Ендігі ретте сол «Тіл туралы» заңымыздың елімізде қолданысқа енгеніне биыл 25 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 3827 Жарлығына сәйкес қыркүйектің үшінші жексенбісінде «Қазақстан халқы тілдерінің күні» аталып өтілетін болып қарар қабылданған болатын.
Тіл – барша адамзаттың рухани кемелдігінің белгісіндей аса ардақты асыл құндылық. Ол адамдардың жан дүниесін жалғап, түсінісуге жетелейтін, елдің ынтымағын ұйытып, береке-бірлігін арттыратын, қоғамдағы барша қарым-қатынастың байланыстырушысы болып есептелетіні айдан анық. Демек, барлық қоғамда, әсіресе біздің елімізде барлық тіл құрметтеледі деп нық сеніммен айта аламыз. Олардың өркен жаюына барынша мүмкіндік жасалған. Осыған байланысты, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысу мен оны барынша үгіттеу, дәріптеу– барша қазақстандықтардың негізгі парызы болып есептелмек. Қазақстан халқының біртұтастығы мен нығаюының себептерінің бірі мемлекеттік тілді меңгеру, алайда осы ретте біз енгізіп отырған үш тілділік саясатының соңы неге алып келеді деген сауал екінің біріне келе бермесі анық.
Жылма-жыл мемлекеттік тіл мерекесін Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша халық мерекелеп келеді. Сонымен қатар, еліміздегі 130–дан астам  ұлт пен ұлыс өкілдерінің көпшілігінде өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларға мәдени-рухани тұрғысынан қолдау көрсететін Қазақстан халықтарының Ассамблеясы да жұмыс жасап жатқандары бізге белгілі. Оның басты мақсаты егемен елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлттардың достығын, ынтымақтастығын нығайту және өзге ұлттардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуін насихаттау. Сонымен қатар, қазақ халқының басқа ұлт өкілдерінің салт-санасын, әдет-ғұрпына сый-құрметпен қарауына үйрету. Осы орайда тіл саясатын іске асырудың заңдылық элементтері мен нақты шаралары белгіленбеген дегенді айта кетуіміз ләзім. Әрине, ол алғашқы заң- сол уақыттағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық жағдайларға сәйкестендіріп қабылданған- тіл заңы болатын. Ендігі кезекте біраз уақыт өтті, қоғамдық санада өзіндік деңгейде дамыды. Қазір тәуелсіздік кезеңінде біз мүлдем басқа деңгейге көтерілдік. 
Әр жылға жоспарланған мемлекет тарапынан қазақ тілінің деңгейін көтеру мақсатында әртүрлі демеулер көрсетіліп, мемлекет қазынасынан миллиондаған қаржы бөлінуде. Қазіргі таңда қазақ тілінің өркендеп, қанат жаюына септігін тигізу мақсатында құрылған Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен түрлі іс-шаралар атқарылуда.
            Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егемен ел болған алғашқы күндерден бастап- ақ, елімізде тіл саясаты мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Ел басы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайы дәстүрлі Жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес. Қазақ тілі деген сөз- Қазақ елі деген сөз. Тілдің болашағы- елдің болашағы. Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Мемлекет басшысы 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі  жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемдегі үш тілді пайдаланатын жоғарғы білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі– ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі жаһандық, экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» - деген болатын. Ал «Қазақстан халқының әлауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Үкіметтің алдына «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
            Жалпы алғанда «Тілдердің үш тұғырлылығы» тіл саясаты бағдарламасы бұл күні кеше ғана айтылған дүние емес, Президентіміз аталмыш тілдік стратегияны 2004 жылы жария еткен болатын. Ал, биылғы жылы Еуроодақ өздерінде үш тілді білім тәжірибесін заңды түрде енгізді. Бұл тарихи қажеттілік болып табылады.
            Әрбір адамның өз туған халқы мен өзі өмір сүретін елдің тілін білу қажеттігі – ертеден келе жатқан қағида. Алайда, жаһандану қалыптасқан осы қағидаға түзетулер енгізуде. Қазіргі кезде халық аралық қатынас тілін білу қажеттігі туындап отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет, маңызды сұрақ болып отыр.
             Елбасы бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен ұлттық жаңғыру және халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келесі кездесуінде  «Тілдердің үш тұғырлылығы» бағдарламасына, мемлекеттік тіл мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Мемлекет басшысы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады»,- деп сендірді. Ал «Орыс және ағылшын тілдерін үйрену білімнің, ұлттық бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі» дей келе, «жаһандануға бейімделуді, замана көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлеіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт- ғұрыптарымызды сақтап қала аламыз», - деді. Бұл тұрғыда   «Тілдердің үш тұғырлылығы» жобасы аясында облыста нақты жұмыстар атқарылып та жатыр.Нарық қатынастары өмірімізге терең тартумен бірге,экономикалық ілгері басуымыздың  да негізіне айнала бастады. Ол- ол ма, қоғамдық санамыз бен ұлттық психологиямыздың өзі өзгеріп, жаңалыққа тосырқай қараудан арылып, әлеуметтік, батылдық пен азаматтық бастамшылыққа бой ұра бастадық.Қоғамдағы осы жаңа серпінді айқын аңғарған Елбасы қайсы біреулердің қатаң сынына ұшыраған «Тілдердің үш тұғырлығы» бағдарламасын ұсынды.
Мұндағы негізгі мақсат- үшінші мыңжылдықта қарқыны жеделдей түскен жаһандану, шекара талғамайтын экономика- қаржы және ақпарат ағымдары заманында еңбек ресурстарының бәсекелестігін арттыру мәселесі көзделген болатын. Басқаша айтқанда, мұнда мемлекеттік тіл – қазақ тілін,ұлтаралық қатынас тілі- орыс тілі және халықаралық тіл – ағылшын тілін халықтың неғұрлым көп бөлігінің меңгеруіне бағытталады. Осы жерде ерекше назар аударатын нәрсе мемлекет басшысының «Тілдердің үштұғырлығы» идеясын бүкіл ұлттық идея деңгейіне көтеруі қажет.
Неге десеңіз:
-          Біріншіден, бұл идея халқымыздың болмысында  ежелден-ақ бар «Жеті жұрттың тілін біл» деген бағалау өлшеміне сай келеді
-          Екіншіден, қазір бәсекеге негізделген өмірлік қағидалардың өзі бізден, біздің буыннан осыны талап етіп отыр.
Осы келтірілген пікірімізді мысалмен  дәйектесем. Жер жүзінің өркениетті елдерінде білім – ең алдымен экономиканың негізгі өндіргіш саласы болып есептеледі. Яғни, білім мен ғылым өзін-өзі  асырай алатын болуы керек, өзін-өзі асырай алғаны елді де асырай алғаны, қалың халыққа жағдай жасалғаны. Ендеше, білім мен ғылымды дамытпай, мемлекетті алға сүйреу мүмкін емес. Ал нарықтық экономикада еңбек ресурстарының бәсекелестігі өзінен -өзі  алдыңғы кезекке шығады. Еңбек ресурстарының бәсекелестігі тікелей білімге қатысты. Әсіресе, қазіргі әлемдік жаһандану кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнының ұлттық құндылықтарға, мәдениет аралық түсінік–пайымға ақпараттық жетістіктерге, сонымен бірге, әрине халықаралық тілдерді меңгеру үрдісіне де қатысы орасан. Жаңа технология мен қаржы –экономиканың  тілі болып есептелетін халықаралық тілерді меңгерген адамның жұмысты да қиналмай, тез табуға мүмкіндігі болады. Бәсекеге қаблеттілік дегеніміздің өзі осыдан шығады. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл жайт бүгінгі күннің шынайы шындығы, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Елбасы көтерген «тілдердің үштұғырлығы» дегенде біз, ең алдымен осы мәселені түсініп алғанымыз жөн. Сосын осыған айрықша мән бергеніміз абзал. Алайда, біздің бұл бағдарламаны ғы­лыми негізде ұйымдастырып, жемісті жү­зеге асыруда аздап кешеуілдеп келе жат­қанымыз рас. Қалай дегенде де, әуелі ұғы­нып алатын нәрсе, бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тарихи орнын, атқа­ратын қызметі мен миссиясын, әлеуетін ешкім төмендете алмайды. Мәселе – педагогикалық-психологиялық тұрғыдан бүкіл әлем зиялылары мойындап, басшы­лыққа алып отырған "тұлғаның ой-өрісін баспалдақтап дамыту теориясына” сәйкес білім беру мен тәлім-тәрбие үрдістерін жүйелі түрде ұйымдастыруда болып отыр.
 Бұл теория бойынша әуелі бір тілді – ана тілін толық әрі тиянақты меңгеруді, ал, содан кейін оған сүйене отырып екінші тілді, оларға сүйеніп үшінші тілді, тағы басқа да тілдерді еркін игеруді талап етеді.
Елбасы "тілдердің үш­тұғырлығы” бағдарламасын ұсынғанда, міне, ең әуелі осы мәселелерді шешіп, өмірге енгізуді міндеттеп отыр. Қорыта келгенде, «Тілдердің үш тұғырлылығы» бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл– қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне дейін көтеріп, бәсекелетігін арттыру болып табылады. Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін-мемлекеттік тіл, орыс тілі –ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі халықаралық тіл ретінде оқып үйренуге ұмтылыс жасауы замана талабы, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Сондықтан да, елімізде «үш тұғырлы тіл» мәдени бағдарламасы жасалып жүзеге асырылатын болады. Иә, тіл қашан да болмысын, мемлекеттің ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты , қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады.
             Тіл – ұлттың тірегі. Ол– жан дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. Осы айна бетіндегі тоталитарлық жүйе түсірген дақты кетіріп, дидарымызды анық көруге ұмтылғалы да біраз жыл болды.
            Тілдерді дамыту- еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларынын оңтайлы шешу- ұлтаралық қатыныстар үйлесімділігінің, халық бірлігі қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады.
            Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «...Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт- тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастауын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тіліде бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ» - деп тіл жайында терең толғанған екен кезінде. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көз-қарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
            Барлық өркениетті адамзатпен жаңа даму жолына бет түзеген Қазақстанның, оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани – тарихи маңызымен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Мемлекеттік тіл – азаматтық сәйкесттіктің басты нышандарының бірі .
Тіл-қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы- әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін қөзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс.
            Қорыта айтсақ, ия барлық атқарылып жатқан іс-шаралар халқымыздың игілігіне жарасын демекпін, алайда ұлтымыздың тілі, дініне келгенде кез-келген қарарды байыптылықпен, асықпай қабылдаған абзал. Себебі, ұлттың ұлт болып өз ғұмырын әрі қарай жалғастыруы үшін ең алдымен негізгі осы екі құндылық қажет, олар: тілі мен діні.
 
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1.      Қабдолов З. Сөз өнері.- Алматы: Санат.-1992
2.      Қирабаев С.Ж.Аймауытов шығармашылығы.-Алматы,2009
3.      Әдеби мұра және оны зерттеу.-Алматы: Ғылым.-1961

Пікір: 0
Пікір қосу