Аймақ басшысы «Геопортал» ақпараттық жүйесін құру ісін жеделдетуді тапсырды

0 6

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Геопортал» ақпараттық жүйесін қалыптастыру мәселесі жөнінде кеңес өтті. Облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін құру сөз болған жиында Тараз қаласы мен облыстағы он ауданның жер учаскелері мен жер кезегі туралы ақпарат, инженерлік коммуникациялар, ғимараттар мен құрылыстар, көше-жол, инженерлік желі секілді маңызды мәліметтерді геоақпараттық порталға орналастыру мәселесі талқыланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы қазіргі таңда облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары басқармалары арқылы 14 электронды қызмет көрсетіледі. Ол қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы жүргізіліп отыр. Бұл негізінен электрондық цифрлық «e-jambyl.kz» порталы арқылы жүргізілуі керек. Бірақ осы шаруаларды жүзеге асыру үшін кезінде берілген тапсырмалар орындалмай отыр, деген облыс әкімі.

Белгілі болғандай геопартал жүйесін құрудағы істің алға жылжымауы тиісті министрліктердің арнайы ережелерді енгізуді кешеуілдетуі себеп болып отыр екен. Сондай-ақ геопартал жүйесін енгізу мәселесі Үкіметте арнайы қаралып жатқан көрінеді.

Басқосуда баяндама жасаған облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов бүгінде «Геопорталдың» негізгі «e-jambyl.kz» домендік атаумен платформаcы қалыптастырылып, онда бірыңғай талапқа сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілгенін сөз етті.

«Геопорталдың» негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – ол инженерлік жүйелерді цифрландыру. Бүгінде Тараз қаласы бойынша – 84,6 пайыз, ал аудан орталықтары бойынша – 83,3 пайыз инженерлік желілер өңделіп, басқармаға ұсынылды. Қалған деректер, бізден жоғары орталық орган тарапынан ұсынылмай отыр. Бұл бағытта басқарма тарапынан бірнеше хаттар жолданылып, аталған мәселе минстрліктермен өткен кеңестерде көтеріліп хаттамаға енгізілген болатын. Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының мәліметіне сай, инженерлік желілерді өңдеу жұмыстарын аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған,-деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, жалпы, қазіргі уақытта, «Геопорталдың» дайындығын есептеу әдістемесі негізінде өңірлік геоақпараттық жүйені әзірлеу жұмыстары 97,4 пайызды құрап, Республика деңгейінде 4 орында тұр. Аталған көрсеткіш инженерлік желілер толық өңделіп, цифрландырылғаннан кейін 100 пайызды құрайтын болады. «Геопортал» ақпараттық жүйесінің негізгі құрылымы бекітілген бірыңғай талапқа сай толық әзірленген.

Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақовтың, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың есебі тыңдалды.

Халыққа, кәсіпкерлерге электрондық қызмет көрсету – уақыт талабы. Геоақпараттық портал – халыққа және бизнеске өтініш берушімен тікелей байланыссыз электрондық форматта техникалық шарттарды беру бойынша қызметтер көрсетуде қолайлы жүйе. Мәселен, кәсіпкерлер өз ісін жүргізу үшін қай жерде қандай жердің бос жатқанынан, оның инженерлік құрылымынан хабардар болуы тиіс. Сол секілді жұртшылық балабақша кезегінен бастап, жер кезегін білу секілді кез келген мәліметті осы геопартал арқылы алып отыруы керек. Бұдан бөлек, ол игерілмей жатқан жерді, заңсыз кен қазумен айналысатындарды, дала өрті тұтанған аумақты анықтауға да мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар ұзаққа созылмауы тиіс. Сол үшін тиісті министрліктерге ресми хат жолдауымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.