Жамбылдық мал баққан шаруаның арманы қыстан шығынсыз шығу

0 15

Биыл Талас ауданында 145700 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалған. Ал жем қоры 6 мың 500 тонна. Жем-шөптің 38 мың тоннасы көрші аудандардан сатып алыныпты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Өткен жыл қыс нәсібін төрт түліктен айырған шаруаларға қатал сынақ болды. Әсіресе, аяздан соңғы жылымықтағы қатты боран мен бет қарыған ызғар дала төсіндегі малсақ шаруаны әбден әбігерге салды. Төлдету науқанына білек түре кіріскен шаруалар табиғаттан мұндай тосын мінез күтпесе керек. Жем шөп тапшылығы сезіліп, мал шығыны орын алды.

Қатал сынақтан сабақ алған шаруа қожалықтар алдағы қысқа қамданып, жем-шөп қорын толықтыруға ерте бастан кірісіп кетті. Бірақ, биылғы қуаңшылыққа байланысты жем-шөптің жетіспеуі, бағаның сан құбылуы шаруашылықты кәсіпке айналдырып отырған жандарға оңай болмай жатқан жайы бар. «Жаздың қамын қыс ойла, бір ойлама үш ойла», — деген сөзді қағидаға айналдырған шаруалар бұл қиындыққа да көніп отыр.

Биыл Талас ауданында 145700 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Ал жем қоры 6 мың 500 тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3700 тоннаға артық. Жем-шөптің 38 мың тоннасы көрші аудандардан келісілген бағаға сатып алынды. Мысалы, жоңыршқа Байзақ және Жуалы аудандарынан жетізілсе, пішен Мойынқұм, Сарысу аудандарынан тасымалданды. Бұдан бөлек, мал азығын дайындау үшін құрылған арнайы үш бригада «Талас-2020» кооперативі мен Үшаралдағы «Бәйімбет баба», С.Шәкіров ауылына қарасты «Табыс» шаруа қожалықтарында шөп ору науқынына қатысып жинастыруға көмек қолын созды.

Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, биылға 30500 мүйізді ірі қара, 350 мың қой-ешкі, 13800 бас жылқы және 2200 бас түйе қыстауларда қыстатылмақ.

Қаратау қаласына жақын орналасқан «Құлтай ата» шаруа қожалығы үшін де өткен қыс шығынсыз болған жоқ. Тек қана жылқы шаруашылығымен айналысатына қожалықтың төрағасы Рысбек Жұмабеков кеткен шығынның орнын толтырудың оңайға соқпағандығын айтып отыр.

Көктемгі боранда 10 бас жылқыдан айырылдым. Қазір қолдағы түліктің өнімдерін Алматы қаласына саудаладым. Күзге салым жылқыны осында әкелемін. Қыстай жем-шөбіп беріп, қараймыз. Мал азығының бағасы да қалтаға кәдімгідей салмақ салады. Оның үстіне жылқы малы шөпті таңдап жейді. Биыл жоңыршқаның бір бауын 1400 теңгеден алдым. Әзірге қолда 50-ге жуық бас бар. Алдағы ауа райының қандай болары… Қанша дегенмен таулы аймақта қоныстанғанбыз. Бұл жердің табиғаты да өзгеше келеді емес пе?! Қамсыз отырған жоқпыз,дейді шаруа.

Мал баққан шаруашылықтардың тірлігі ұқсас, жоспары бір. Ол — қыстан шығынсыз шығып, көкке ілігу. Бірақ, осы аралықта жүйкеге салмақ салатын, машақаты көп қанша жұмыс бар. Мұны атакәсіпті айналдырған жан жақсы түсінеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.