«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ауылдарда әлеуметтік нысандар салынуда

0 2

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Тұңғыш Президент — Елбасының және Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы сараланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова облыстың жол картасына 121 іс-шара (жоспар 92,4 пайызға орындалды), аудандық деңгейдегі құжатқа 952 шара (98,6 пайызға) енгенін атап өтті.

Жол картасы аясында бюро, депутаттық фракцияның 159, қоғамдық кеңестің 350 отырысы және 53 партиялық рейд өткен.

Басқосу барысында білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Аудандарда жаңа мектептер мен оларға жапсарлас құрылыстар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, медициналық пункттер салу, халық үшін интернет арқылы қолжетімді дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың дерекқор базасын құру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған нысандарды бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізу, әрбір ауылдық округте спорт нұсқаушысын тағайындау жоспарланып отыр.

– Тұңғыш Президент – Елбасының және ел Президентінің тапсырмалары толық көлемде орындалуы тиіс. Жол картасының әрбір тармағы нақты жауапты мемлекеттік органдарға бекітілген. Тапсырмаларды сапалы әрі толыққанды орындау үшін министрліктермен, «Nur Otan» партиясының филиалымен бірлесе жұмыс жүргізу қажет. Индикаторлардың орындалуына мониторинг жүргізу керек, — деп тапсырды аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.