Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубын жеңісімен құттықтады

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» кәсіпқой волейбол клубының спортшыларымен кездесіп, ҚР Кубогының иегері атануымен құттықтады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сіздерді айтулы жеңістеріңізбен құттықтаймын!  Осы жолда аянбай еңбек етіп, мықтылардың арасынан үздік шығып, жеңіс тұғырынан көріне білдіңіздер.

Жалпы, «Тараз» кәсіпқой волейбол клубының бағындырған биіктері аз емес. Бұған дейін Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан суперкубогын жеңіп алдыңыздар. Сіздерге облыс басшылығының атынан алғысымды айтамын. Алдағы уақытта да жеңіс биігінен көріне беріңіздер, – деді Б.Сапарбаев.

Аймақ басшысы кездесу барысында өңірдегі спорт саласын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Өткен жылы облыста барлығы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, 92 спорт алаңшасы орнатылған. Ағымдағы жылы облыста 10 дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің және 62 спорт алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарланса, бүгінге дейін бірқатары ел игілігіне берілген. Нәтижесінде, облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары облыс тұрғындарының  34,4 пайызына жеткен.

Клубтың құрамы білікті ойыншылармен жасақталған.  Тәжірибелі ойыншылар да, жастар да бар. Жаттықтырушылар құрамы да осал емес. Егер аға буын мен жастар бірігіп жұмыс істесе, нәтиже де жақсы болады. Алдағы уақытта да жастарды тәрбиелеуге басымдық бергендеріңіз жөн. Білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөліссеңіздер, болашақта клуб үздіктер қатарынан түспесі анық. Шалғайдағы елді мекендерде жүрген талантты жастарды табу қажет.

Облыс әкімдігі тарапынан қолдау жалғаса беретін болады. Келесі жылы волейбол, баскетбол, гандбол ойнауға арналған кешен салу жоспарымызда бар. Бірақ мұндай қолдаудың нәтижесі де болуы керек. Ең маңызды тапсырма – Қазақстан чемпионы атану. Ел чемпионатында топ жаруға сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді,деді облыс әкімі.

Клубтың бас жаттықтырушысы Борис Гребенников аймақ басшысына ыстық ықыласы, құрметі үшін алғысын білдірді.  Ол клуб үшін биылғы жыл сәтті болғанын, келер жылы да сенім үдесінен шығуға тырысатындықтарын жеткізді.

«Тараз» кәсіпқой волейбол клубының, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Александр Фоменко  облыстың намысын абыройлы қорғау үшін спортшылардың аянып қалмайтынын жеткізді.

Жиын соңында клуб директоры Андрей Савченко облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жуырда жеңіп алған Қазақстан кубогын, доп және клубтың жейдесін сыйға тартты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.