Жамбыл облысы қайтарымсыз грант беру бойынша республикада көш басында

0 20

Өткен тәулікте өңірде коронавирустың 259 жағдайы, пневмонияның 1 дерегі тіркелді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылып, аурушаңдықтың алдын алуға бағытталған шараларды күшейтуге жұмыстары сараланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі эпидемиологиялық ахуал және вакцинациялау жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, жалпы бүгінге дейін облыс аумағында COVID-19 індетінің 22 785 жағдайы, пневмонияның – 8348 жағдайы тіркелген.

 18 желтоқсаннан 18 қантарға дейінгі аралықта аурушаңдық деңгейі 10 есеге көбейді. Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жағдай бойынша облыстағы ауруханаларда 778 инфекциялық, оның ішінде 87  реанимациялық төсек қоры, оған қоса 120 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде
2 682  инфекциялық, оның ішінде 266 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады.

Соңғы ақпарат бойынша инфекциялық стационарлардағы төсек орындардың толуы 47 пайызды, реанимациялық төсектердің жүктемесі 30 пайызды құрайды,-деді Ә. Қалиев.

Қазіргі таңда 1 компонентімен 633 397 тұлға екпе алып (100,3% құрады), 2-ші компонентімен өсіммен 567 671 тұлғаға екпе жүргізілді. Егуден кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.

Pfizer вакцинасының 1 компонентімен 35 771 адам (25,7%), 2 компонентімен 10 460 адам қамтылған.  Оның ішінде 30453 жасөспірім, 1962 жүкті әйел және 3356 бала емізетін әйел егілген.

Бүгінгі күні ревакцинациядан өткендер тұрғындар саны 48 815-ті құрайды.

— Эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Бұған санитарлық талаптардың сақталмауы себеп деп ойлаймын. Мониторинг топтардың жұмысын күшейту керек. Дерттен құтылудың жалғыз жолы – вакцинация, ревакцинация. Сондықтан осы бағыттағы шараларды арттыру маңызды. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет,-деді аймақ басшысы.

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары және «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, облыс бойынша өткен жылы  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 58803 адам тартылды, оның 58078-і Еңбек бағдарламасы, 725-і – Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында қамтылған. Жалпы, 45699 адам жұмысқа орналасты.

— «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты аясында 1081 адамға 5,1 млрд. теңгенің шағын несиесін беру жоспарланып, жыл қортындысымен қаржы толық игеріліп, 1177 адам несие алды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға 5016 адамға 2,9 млрд. теңге мемлекеттік гранттарды беру қарастырылып, есепті кезеңге 5045 адам 2,94 млрд.теңгенің грантын алды. Біздің облыс республика бойынша ең көп грант беріп отыр,-деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелерін жан-жақты зерделеу керектігін баса айтты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастарды жұмыспен қамту жайына айрықша назар аудару қажет. Оларға талдау жүргізіп, қанша жас жұмыссыз жүр, дипломдары бар ма және бейімділіктері қандай деген сұрақтарға жауаптар анықтап алу маңызды. Зерделеу қорытындысы бойынша нақты шаралар жоспарын құру керек. Бұл бағыттағы бағдарламалардың орындалу нәтижелілігіне де көңіл бөлген дұрыс,-деді Б. Сапарбаев.

Жиын қорытындысымен аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.