Жамбыл облысында көтерме-бөлшек сауда орындарын ашу жоспарлануда

0 2

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен жиында аймақта көтерме-тарату орталықтарын құру мәселесі талқыланды.

Ішкі сауда айналымының талаптарына сай орталық жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, оларға лайықты жағдай жасаумен айналысады. Мәселен, дәл осы құрылым арқылы тауар өндірушілер сауда орындары мен қоймаларды жалға алуда 24 пайыздық жеңілдікке ие болады. Оның ішінде сауда орындарының 80 пайызы өндірілген тауарларды саудалау үшін беріледі.

Облыстағы көтерме-тарату орталықтары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің көтерме-тарату орталықтарын дамытудың 2018-2019 жылдарға арналған картасы негізінде құрылмақ. Бүгінде облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриальды-инновациялық дамыту басқармасы мен ауыл шаруашалығы басқармасы әлеуетті инвесторлардың мониторингін зерделеген. Салалық басқарма басшылары орталық құрылыс бастауға әзір екендіктерін жеткізді.

Өңірдің өндірістік әлеуетін саралау нәтижесі орталықты азық-түлік тауарларын өндіру ісінде жетекші саналатын Байзақ, Жуалы, Қордай аудандарында ашу мүмкіндігінің зор екендігін көрсетті. Оған қоса тұтыну көлемін ескере отырып, көтерме-тарату орталығын Тараз қаласында да құруға болады.

Облыстың азық-түлік өндірудегі потенциалына жүргізілген сараптама өңірдің бұл саладағы мүмкіндігінің мол екендігін көрсетіп берді. Өңір тұрғындарының негізгі азық-түлік өнімдеріне сұранысының көлемі 1,7 миллион тоннаны құрайды. Оның 70 пайызын жергілікті тауар өндірушілердің өнімі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бірқатар тауарлар түрлерінің 1,2 миллион тоннаға артық өндірілетіндігі белгілі болды. Мұнан бөлек тауарлардың кей түріне 169,5 мың тонна көлемінде тапшылық сезілген.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты салалық басқармаларға наурыз айының соңына дейін көтерме-тарату орталықтарын құру мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Сәйкесінше әр ауданның өндірістік көрсеткіштері сараланып, қоймалар мен терминалдарға арналған орындармен қамтамасыз ету жайына да баса назар аударылады. Сонымен бірге, жобаға құрылыс материалдарын өндіруші отандық өндірушілерді тартуға да басымдық беріледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.