Жамбыл облысында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесінің тұсауы кесілді

0 0

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің ашылу салтанаты өтті,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала тұрғындары мен студент жастар қатысты.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Тұңғыш Президенттің рөлін жүйелі баяндайтын көрмеде қонақтар Елбасының архив, кітапхана, музей қорларынан алынған бірегей материалдарын тамашалай алады. Тараз қаласының қалың жұрты Н.Ә. Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар коллекциясымен, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың қолтаңбасы бар тартулық басылымдар мен Елбасының шет тілде жарық көрген еңбектерімен алғаш рет танысты.

Көрме төрт бөлімнен құралған.

«Елбасы жолы» бөлімі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани жаңғыру дәуірінің басталуына түрткі болған тарихи оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетілді.

«Елбасы феномені» бөлімі ел тізгінін ұстап, жаһандық кеңістікке тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын таратқан Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет құрудағы басты тұжырымдамасын баяндады. Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасының көшірілуіне дейін тарихқа ізі басылған маңызды оқиғалардан, атап айтқанда Тұңғыш Президенттің батыл шешімдері мен бастамаларынан Елбасы феномені айқын көрініс тапты.

Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінді.

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Елбасы мен Қазақстан халқына жаһандық даму мен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған.

Экспозиция негізінде шолу экскурсияларынан бөлек «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Президент мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір экспонаттың тарихы» тақырыптық экскурсиялары өткізілетін болатын. Келушілер жасына шектеу қойылмайды.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын аталмыш қор көрмесі «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасының басты маржанына айналып отыр. Көрме жобасы ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды, шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтыды.

Айта кетейік, 2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.