Жамбыл облысында «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумы өтті

0 9

Жамбыл облысында қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында, өңір тарихының аса маңызды кезеңі – Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумы өтті, -деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Форум барысында түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі туралы облысымыздың ақсақалдары мен ел ағалары, білімді әрі парасатты азаматтары сөз сөйледі.

Сондай-ақ, облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен  қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге  шақыратын Үндеу жолданды.

Біз, облыстық «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылар, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, өңір тарихының аса маңызды кезеңі – Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуы қарсаңында облыс тұрғындарына Үндеуімізді жолдаймыз.

Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын жоғары бағалап, «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – рушылдық, күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан да, ел тізгінін қолына ұстаған ардақты адамдар – хандар, билер, аузы дуалы ақсақалдар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалдың жолына тосқауыл қоярда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса назар аударған.

Міне осы бірлігіміз бен тірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік, бұрын қиял болып көрінген көрсеткіштерге қол жеткіздік.

Десек те, жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді.

Ендеше, қазақ қоғамында шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойлар, мәні мен мағынасы мүлде ескірген ырым-жырымдарды, ертеден қалған ескілік сарқыншақтарын тұтас реформалайтын, бұлардың концепцияларын қазіргі заман талаптарына сай түбегейлі өзгертетін шешім қабылдауды жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан сұранамыз. Дәстүрімізді жаңғыртуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға ерекше көңіл бөлуге, ең басты құндылығымыз – татулық, бірлік пен ынтымақты көздің қарашығындай сақтауға белсенді үлес қосуға шақырамыз», — делінген үндеуде.

Шараны облыстық мәслихат депутаты Масат Берік жүргізіп, Жамбыл облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков, облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы Б. Мырзабаева, ардагер-ұстаз К.Ахметжанова, «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Б.Әмреев, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков  баяндама оқыды.

Бала тәрбиесінде орта буынды тәрбиелеуде қариялардың атқаратын рөлі өте жоғары деп білемін. Олай болу үшін үлкен кісілер сөйлеген сөзіне, жүріс- тұрысына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бір үйге барғанда біздің қазақтың әдет-ғұрпын,  салт- дәстүрін қадірлейтін сөзді айтса екен деп отырамын. Бір-біріне өсек айтпайтын, базардағы майда-шүйде әңгімені айтпайтын балаларға қажетті жастарды тәрбиелейтін тәрбиелік мәні бар сөз айтса екен деген пікір айтқым келеді. Болашағымыз жастар болғандықтан әрине жастар байлығымыз, жастар бақытымыз, сондықтан жастарға үлкен сенім арту керек. Жастарға жақсы үлгі-өнеге көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Біз жастайымыздан еңбекпен есейдік, ынтымақ пен бірлікті ту етіп өстік. Ынтымаққа өзімізді ғана емес бүкіл елді халықты шақыруымыз қажет. Балаларды әдет-ғұрыпқа мысалы үлкеннің алдын кеспеу, әрбір істі берекемен бастау, оң қолмен тамақты алып жеу, кісінің алдына қол созбау, кісі ақысын жемеу, өтірік айтпау, адал  жүру осының бәрін дастарханның бойында сіңіріп отырғанымыз дұрыс. Бала тәрбиесі біз үшін өте қажетті нәрсе«, — деді Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков.

Форумға облыс бойынша ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, билер кеңесінің мүшелері, ұлттық мәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, оқытушылар мен жастар, БАҚ өкілдері қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.