Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда

0 0

Облыс орталығы – Тараз қаласы үлкен құрылыс алаңына айналған. Мұнда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен тасжолдар төселіп, көпқабатты тұрғын үйлер мен өзге де әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Бүгін шаһардағы жүріп жатқан жұмыстардың аяқ алысымен танысу мақсатында аймақ басшысы бірқатар нысандарда болды, — деп хабарлайды  «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуелі Асқар Исабекұлы қаланың «Тайвань» алқабындағы жол салу жұмыстарымен танысты. «Тайвань» алқабында барлығы 18 көше болса, оның ұзындығы 27,7 шақырым. Құрылыс жұмыстарына бұрылыстарымен қоса есептегенде 481 564,0 мың қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда 18 көшенің 14 көшесі толығымен аяқталуға жақын.

Айта кетерлігі, Тараз қаласында жалпы ұзындығы – 78,022 шақырым жол жөнделуде. Ол дегеніміз 138 көше және бұрылыстар мен тұйықтар бар. 85 учаскеде асфальттау жұмыстары жүргізілуде. 20-көше және 3-бұрылысқа асфальт жабындысы төселіп, аяқталу үстінде. 46-көше мен 14-бұрылысқа, сондай-ақ 2-тұйыққа асфальт жабындысын төсеуге дайындық пысықталуда.
Аймақ басшысы «Қарасу» шағын ауданында әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналып салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңына да ат басын бұрды.

Сонан соң «Ақбұлақ» шағын ауданындағы №9, №17 үйлердегі жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесін көрді. Аталған тұрғын үйлер 1966 жылы салынған, 5 қабатты, 70 пәтерлі. Өз кезегінде тұрғын үйлердің шатырлары, инженерлік желілері (жылу жүйесі, ыстық және мұздай су, кәріз жүйесі, элеватор торабы, электр жүйесі), кіреберістері күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 292 945 теңгені құрайды.

Ағымдағы жылы Тараз қаласында барлығы 989,6 млн.теңгеге 25 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 540 млн.теңге қала бюджеті есебінен болса, қалған қаражат алдыңғы жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қайтарым қаржы есебінен.

Бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 1298 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Оның ішінде бүгінгі күнге 300-ге жуық үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Келер жылға 3,4 млрд.теңгеге 80 үйдің жөндеу жұмыстарына республикалық қазынадан қаражат бөлуге бюджеттік өтінім Құрылыс комитетіне тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.