Жамбыл облысының әкімі Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

0 18

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың облыстық Қоғамдық кеңес алдындағы есебі жаңа форматта өтті. Жиын ұзын-сонар баяндамасыз, сұрақ-жауап диалогы ретінде өрбіді  ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Б.Сапарбаев өз сөзінде алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына қысқаша тоқталып, өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 105,5 пайызды құрағанын, ал көптеген көрсеткіштер бойынша Жамбыл өңірі республикада үздіктер қатарынан көрінгенін атап айтты.
Өңірдің әлеуеті үлкен, барлық мүмкіншіліктерді ұтымды ұқсата алсақ ұтылмасымыз анық.

Атап айтқанда, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуда мемлекеттік қолдауды кеңінен пайдалана білсек, аграрлық сектордың дамуына қосымша серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ, 300-ден 500 миллиард теңгеге дейін тартылатын инвестиция көлемін арттыру, зауыттарды белсенді іске қосу, жаңа жұмыс орындарын құра отырып, ірі жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Жиында шағын және орта бизнесті дамыту барысына айрықша көңіл бөлінді. Бұл орайда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділіктерін кеңінен пайдалану керектігі айтылды. Ендігі кезекте оқыту курстары жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес жүзеге аспақ. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәселесін де шешу назарға алынбақ.

Салық салу базасын нақты әкімшілендіруді және кеңейтуді талап етсе, тиісті құрылымдарға коммуналдық қызметтерге шынайы тарифтерді қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізу қажет.
Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға тұрғындар үшін спорттық және мәдени нысандардың барынша қолжетімді болуын және жастарға арналған үйірмелер мен секциялар құруды тапсырды.
Одан кейін өңір басшысы Қоғамдық кеңес мүшелерінің түрлі салаларға қатысты сұрақтарына жауап берді. Мысалы, ардагер Қайрат Шотбақов «ЖЭО» АҚ-ны жаңғыртуға, қызылша саласын қалпына келтіруге және шағын бюджеттік қант зауыттарын салуға назар аударуды сұрады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы және Жамбыл облыстарының елімізді өз қантымен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар екендігін айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Өз жауабында Елбасы тапсырмасын тілге тиек еткен Б.Сапарбаев осы бағытта жұмыс жасалынатынын жеткізді.
Талас ауданынан келген Айхимбек Бектаев Талас өзеніндегі су тапшылығына шағымданып, Байзақ және Талас аудандары шекарасындағы шағын су қоймасы құрылысының жобасын қайта жандандыруды, Қаратау қаласындағы иесіз пәтерлердің мәселесін шешуді ұсынды. Атжан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан Т. Рысқұлов ауданының бес ауылын газдандыру, Тараздағы «Көктем» және «Арай»алқаптарында мектеп салу мәселесін көтерді. Жуалы аудандық Қоғамдық кеңесінің басшысы Сейітхан Жұмашев жергілікті пошташылардың жалақысын, орталық аудандық ауруханада медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруды ұсынды.

Сондай-ақ, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заир Юлдашовтың сұрағына жауап берген өңір басшысы бүгінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері үшін әлеуметтік қызметтер порталы пилоттық режимде жұмыс жасап отқанын, мүгедектік тобын анықтау үшін сырттай куәландыру тәжірибесі кеңінен пайдаланылатынын атап өтті. Квота талаптарын елемейтін жұмыс берушілер тиісті қаражатты жұмыс орындарын құрумен айналысатын арнайы қорға аударатын болады.
Жастар көшбасшысы Исламбек Дастан қоғамдық көліктің автобус паркін жаңарту, ХҚКО ғимаратындағы қолайсыздықты шешу және көп балалы аналарға арналған жатақхана салу мәселелеріне назар аудартты.

— Қостанайда жақсы отандық автобустар шығарылады. Оларды лизинг шартымен сатып алу мәселесін қарастырамыз. Көп балалы отбасыларға арналған жатақхананың құрылысы жалғасады, келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін ХҚКО ғимараттары тексерілетін болады, — деп жауап берді аймақ басшысы.
Облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын жандандыру арқылы өз деңгейіндегі түрлі мәселелерді шешуге болатынына тоқталды.
Мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев Талас ауданының тұрғындарының тілегін жеткізіп, шалғай ауылдарда қасқырлардың кейінгі кездері тым көбейіп кеткендігін алға тартып, қасқырларды ату квотасын арттыру туралы өтініш білдірді.
«Дніпро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко Жамбыл футболын дамыту және бұрынғы даңқын жергілікті «Тараз» ФК қайтару мәселесіне тоқталды.
Барлық сұрақтарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев толық жауап беріп, өз орынбасарлары мен салалық басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Сіздердің барлық өтініштеріңіз назарға алынады. Көтерген сауалдарыңыз бен ұсыныстарыңыз азаматтардың сұраныстарына негізделіп отыр. Сондықтан біз бұл мәселелердің әрқайсысымен мұқият жұмыс жүргізетін боламыз», — деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.