Жамбыл облысында Алғыс айту күніне орай мерекелік іс-шара өтті

0 22

Жамбыл облысында алғаш рет ризашылық пен мейірімділіктің мерекесі Алғыс айту күніне орай Тараз қаласы, «Көне Тараз» тарихи — этномәдени кешенінде 5000 адамды қамтитын «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем — Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Шарада бас қосушылар 12 түрлі ұлттық тағамнан әзірленген                        Алғыс  дастарханынан дәм татып, дүнген, әзірбайжан, түрік, күрді, орыс және т.б ұлт өкілдері қазақ халқына алғыстарын білдіріп, қарым-қатынасты бекемдеу және құрмет көрсету мақсатында көпшілік бір-бірін дастархан басына шақырып, жүздесті.

Салтанатты шараның ашылуында барша өңір тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтаған облыс әкімі Б.Сапарбаев жыл сайын көктем мезгілінің осындай игілікті мейраммен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.

«Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Бүгінде біздің қасиетті Жамбыл жерінде 87 этнос, 21 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Облысымызда  күрді, түрік, дүнген және өзге де ұлттар тығыз шоғырланған 5 аудан бар. Көпұлттылық – біздің басымдығымыз, бірлік – сарқылмас байлығымыз»деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жиында Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының құрметті азаматы, Парасат және Достық ордендерінің иегері Т.Жаманқұлов, «Полонез» поляк ЭМО жетекшісі Л.В.Кальков, «Барбанг» күрділер ассоциациясы облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі С.А.Асанов барша ұлт пен ұлыстардың атынан Қазақ халқына алғысын білдірді.

Мерекелік шарада этностардың қоныстануы туралы тарихи мәліметтер арқау болған театрландырылған-сахналық қойылым көрсетіліп, өнер жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.

Сонымен қатар, мерекеге орай Қордай ауданындағы Масаншы ауылында 2000 адамды қамтитын «Бірлігі жарасқан, туған жерім-Қордайым» Алғыс айту фестивалі өтті.

Мерекелік шара орталық алаңдағы Ноғайбай бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

«Алғыс дастарханы» жайылып, көрші орналасқан Қаракемер, Қарасу ауылдары мен аудан орталығынан келген қонақтар дастарханнан дәм татып, жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, облыста жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік шаралар наурыз мейрамындағы айтулы күндерге жалғасатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.