Тараз қаласында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

0 42

Таразда бір күнде 100 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы «Бақытты отбасы» орталығы ашылды ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews»  Ақпараттық Агенттігі.

Отбасы институтын қолдау орталығы «Nur Оtan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Яғни, бұл партиялық жоба аясында ашылған ауқымды кешен — 2020-2021 жылдарға арналған Жамбыл облысының жол картасын жүзеге асыру мақсатында іске қосылды.

Мақсат – Облыстағы осал топтағы отбасыларға барлық бағытта кешенді көмек көрсетуді көздеп отыр. Халыққа қызмет көрсететін игі кешенді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты түрде ашып берді.

Өңір басшысы өз құттықтау сөзінде «Nur Оtan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асқан отбасы орталығын керемет кешен» екенін айтып өтіп, осал топтарға озық үлгіде қызмет көрсетуін әрі табысы төмен отбасыларға тиімді ұсыныстар бары қуантатынын айтты.

Бұл кешен 4 бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда алғашқы бағыты — психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес. Одан кейін «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды үйлестіру, жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету, жомарт жандардың қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру шаралары. Орталықтағы психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар керекті көмектерді көрсетеді. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие,  қайта даярлау және жұмысқа орналасу, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аймақ басшысы осындағы арбаға танылған адамдардың алғыстарын естіп, олардың осы орталықтың ашылғанына көңілдері қуанғандарына куә болды.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша табысы төмен отбасыларға «Казақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілетін 2%-тік ипотекалық несие алуға көмек көрсетіледі.

Бүгінде облыста 32,6 мың көпбалалы, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылар және мүмкіндігі шектеулі 45,9 мың адам бар. Бастапқыда бір күн бойы 30-дан аса адамға қызмет көрсетеді деген кешен 100 адамды қабылдауға қауқарлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.