Жамбыл облысында дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілді

0 1

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығын сақтауға байланысты жедел әрекет ету штабының отырысын өткізді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы жедел кеңес өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Басты міндет – азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлар мен жанар жағар май бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, валюта нарығында дүрлігуді болдырмау. Мемлекеттік органдар күн сайын жағдайды қадағалап отыруы қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалады», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгиннің айтуынша, облыс аумағында 102 айырбастау пункті жұмыс істейді.
«Бүгінгі күнгі АҚШ долларының сатылымдағы ең жоғарғы бағамы 396,6 теңгені, екінші деңгейлі банктерде 398 теңгені құрайды. Барлық банктер мен айырбастау пункттері ұлттық және шетел валютасының жеткілікті көлемімен қамтылған. Жалпы жағдай тұрақты, дүрлігуге негіз жоқ»,-деп сендірді ол.

Штаб отырысы барысында дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілді. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен бірінші кезектегі қажетті тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және құру, жалақыны уақытылы төлеу, ШОБ және экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.