Таразда 11 құрылыс сапасын бақылау тобы құрылды

0 2

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімдігінде кеңес өткізіп, онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Жауапты бақылау міндеті қаланың әр аудандарында құрылған 11 мобильді топқа жүктелген. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен басқа, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енді. Облыс әкімі топқа экологтарды да қосуды ұсынды. Сонымен қатар, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын тексеру тапсырылды.

Жіберілген қателіктерді ескеріп, саябақтар мен алаңдардың, жаңа ғимараттардың қасбеттерінің жай-күйіне назар аударып, сыртқы жарнаманы ретке келтіру керек,- деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов 2017 жылы бекітілген абаттандыру ережелерінің бұзылуына назар аудартты. ШОБ кәсіпорындары іргелес аумақтарын тазартумен айналыспайды, өз нысандарының сыртқы көрінісіне мән бермейді. Кәсіпкерлердің төрттен бір бөлігі ғана сыртқы жарнамаға салық төлеп отыр.

Бізге бірыңғай ереже керек. Іс жүзінде Тараз көшелерінің көркін ашпайтын жарнамалық белгілердің ретсіз орналасуын көріп отырмыз. Шағын аудандардың бәрі сұр түсті, бір-бірінен аймайтын үйлер. Облыс орталығының қазіргі заманғы өз дизайн-коды жоқ. Қала тұрғындарының жайлы және әдемі отбасылық демалыс орындары болғаны дұрыс.
Егер біз Тараздың ірі туристік орталыққа айналуын қаласақ, құрылыстарды сапалы және ерекше тұрғыда салғанымыз абзал. Сондықтан әкімдіктер сәулетшілермен тығыз жұмыс жасауы керек, тың идеяларды қолданудан қашпауы керек.
Бөлшек сауда нысандарының ретсіз құрылысын тоқтату керек. Жергілікті билік әрдайым шағын және орта бизнесті дамытуға қол ұшын береді, алайда ешкімнің заң бұзуына жол берілмейді.

Барлық көшелерді бірден жарықтандыруға бюджет мүмкіншілігі жеткіліксіз. Бұл орайдағы жұмыстар біртіндеп орындалады.Жұмыс топтарының құрамын тағы да бір саралаңыздар. Олар салынып жатқан нысандардың сапасын арттыру, құрылыс нормалары мен мақұлданған жобалардың бұзылуының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуі тиіс. Біз мұндай кездесулерді ай сайын өткізіп отыратын боламыз, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев кездесу соңында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.