Жамбыл облысында ара шаруашылығы дамып келеді

0 19

Жамбыл облысында ара шаруашылығын дамытып, бал өндіру ісіне ден қоюшылардың қатары көбейген. Қазірдің өзінде аймақта 218 омарта бар,-деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Қазіргі таңда облыс бойынша 218 омарта, олардың құрамында барлығы 78 830 мың ара ұясы бар. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, олардың тек 60-ы ғана ресми тіркеліп, мәліметтер базасына енген. Осы себепті өндірілген бал және оның өтімі туралы ақпарат жоқтың қасы. Селекциялық жұмыстар аз жүргізілуде . Ара шаруашылығының азықтық базасы қалыптаспаған, ара аурулары бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілмейді:
-Соңғы он жылмен салыстырғанда өңірдегі ара шаруашылығымен айналысушылардың қатары бірнеше есеге өскен. Өнімдеріне де сұраныс жоғары. 2014 жылдан бастап ара шаруашылықтарына субсидия беріліп келе жатыр. Тек селекцияға, араны асылтұқымдандыруға. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша әр облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі. 2016 жылдың 27 шілдесінен бастап республикалық омарта шаруашылығы палатасы құрылған болатын. 2018 жылдан бастап асылтұқымдыру үшін әрбір бал ара ұясына 5000 теңге қарастырылған. Субсидия алу үшін кемінде 10 бал ара ұясы болса ғана беріледі,-дейді Қайрат Аманов.
Қазіргі таңда ара шаруашылығын субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбек. «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық орнатылып, асыл тұқымды аралар сатып алуға жол ашылуда.

Мамыр айында бақбақ бір-ақ ай гүлдеп тұрады. Енді маусым айында қандай гүлден бал жинауға болады? Міне, саты-сатымен қыркүйек айына дейін бал жинайтын дақылдардың тізімін жасап қою керек. Күнбағыс, зығыр, түйежоңышқа, әр түрлі гүлдер мен шөптесін өсімдіктердің тұқымын жинап, егістік алқабына егу керек. Бұлар барлық өңірде өсетіндіктен, ара шаруашылығына қолайлы. Осы мәселені жан-жақты қарастырып жатырмыз, – дейді омарташылар.

Ағымдағы жылы 5000 ара ұясымен селекциялық жұмыс жүргізу күтілуде. Бұдан басқа, жабдықтарды лизингке сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Микрокредиттік ұйымдар арқылы және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдікті пайыздармен несие алуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.