Жамбыл облысында алтыншы «Сервистік әкімдік» ашылды

0 2

Таразда сервис әкімдігінің жаңа кеңсесі ашылды. Мұнда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтер ұсынылатын болады , — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төле би көшесі, 55-үйде орналасқан фронт-офисттің жұмысымен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы барып танысты.

«Open space» форматындағы сервистік әкімдік жобасын Тараз қаласының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырған.

— Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режимінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру, — дейді Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді дамыту бөлімшесінің басшысы Меруерт Молдағалиева.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келетінін тілге тиек етті.

Егер біреу әкімдікке бір сұрақпен бас сұқса, ол оның шешімі басқа бөлімдермен тікелей байланысты екенін білмеуі мүмкін. Яғни, бірнеше мемлекеттік қызметті бір жерден алу қажет болады. Мұндай жобаны іске асыру адамдарды кабинеттер арасында бірнеше күн бойы сандалып жүруден босатады. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді, — деді ол.

Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері базасында «Open space» форматында жұмыс істейтін алғашқы сервистік әкімдіктің жоғары тиімділігі атап өтілді. Онда бөлімдер артық бюрократиясыз тікелей байланыс арқылы 17 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жаңа сервистік әкімдік тұрғындарға 20-дан астам танымал Мемлекеттік қызметтерді қолжетімді түрде ұсынатын болады.

Қазір бұл тәжірибе Таразда жүзеге асырылуда десек, алдағы уақытта ең көп мемлекеттік қызметтер көрсетілетін аудан орталықтарында да ашу көзделуде. Бүгіннің өзінде сервистік әкімдіктер Меркі, Талас, Сарысу аудандары мен Шу қаласында жұмыс істеп отыр. Жақын арада Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында фронт-кеңселер ашу жоспарлануда.

Азаматтарды қабылдау ашық кеңседе өтеді. Егер азаматқа, мысалы, бөлім басшысымен немесе оның орынбасарларымен кездесу қажет болса, ол оған арнайы сол кеңседе қол жеткізе алады. Шыны қабырғалар, сондай-ақ бейне және аудио жазбалармен жабдықталған кеңсе кез-келген сыбайлас жемқорлықтың алдын алары сөзсіз.

Бердібек Сапарбаев жаңа тұжырымдамамен танысып, жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін атап өтті.

Сондықтан өтініштерді қарастыру, оны қызметкерден екінші қызметкерге жолдау ұзақ уақытқа созылмауы тиіс.

Азаматтар қысқа мерзімде жауап алуы тиіс. Сондай-ақ, кері байланысқа барынша көңіл бөлу керек. Егер сіз біреудің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр болсаңыз, оның себебеі мен оған қажетті нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіріңіз, — деп қорытындылады аймақ басшысы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.