Жамбыл облысында коронавируспен ауырған науқастарды оңалту орталығы ашылды

0 14

Бүгін Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде 120 төсектік коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды оңалту орталығы ашылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.

Орталықта науқастарға физиотерапия, массаж, тыныс алу гимнастикасы т.б. ем жүргізілетін болады.

-Стационарлық жағдайда емделу аяқталғаннан кейін сауыққан адамдар орталықта оңалтылуы қажет. Бұл орталықта қаланың және ауданнан келген тұрғындар ем шара ала алады.Ол үшін тұрғындарға өздерінің жергілікті ауруханаларынан жолдама беріледі. Орталықта барлық мамандар бар, — дейді орталық меңгерушісі Динара Кәрібаева.

Қазіргі күннің өзінде орталықта 24 емделуші қажетті көмек алуда. Ал, кешенді оңалтуды қамтамасыз ету үшін үйлестіруші дәрігерлер, реабилитологтар, физиотерапевт, жұқпалы аурулар жөніндегі маман, пульмонолог, кардио-ревматолог, невропатолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, нефролог, физиотерапевт, психолог, психотерапевт және терапевт мамандары бар.

Мамандар оңалту негізінен физиотерапия арқылы жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, орталыққа құны 150 миллион теңгені құрайтын ең қажетті құрал-жабдықтар орнатылған.Орталықты аралап көрген аймақ басшысы мұндағы қызметкерлерді нәтижелі жұмыс істеуге шақырды:

-Оңалту орталығында алдымен медицина қызметкерлері, одан соң жасы үлкен науқастарға көңіл бөлінуі керек. Әсіресе қосымша ауырулары бар адамдарға баса көңіл бөлінсе. Екінші кезеңнің алдында біз бірінші кезеңде ауырған адамдарды емдеп оңалтып алуымыз керек. Иммунитет қалыптастырып, оны көтеруіміз қажет. Сіздер де осы критериймен жұмыс жасаңыздар,-деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кету керек, бұл республика бойынша алғашқы орталық. Оңалту бағдарламасы әр емделушімен жеке жасалынады және ем алу 14 күнге созылады.

— Коронавируспен ауырғаннан кейін өкпені қалыпқа келтіру өте маңызды. Ол кезде физикалық белсенділік маңызды рөл атқаратынын есте ұстаған жөн. Егер барлық талаптарды орындасаңыз, оңалту орталығынан ем алғаннан кейін 2-3 айда індеттің салдарын толықтай жоюға болады, — дейді оңалту орталығының мамандары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.