Облыс әкімі жамбылдықтарға үндеу жариялады

0 3

Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарына үндеу жариялады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«Құрметті жерлестер!

Әлемде күннен күнге эпидемиялогиялық ахуал күрделеніп барады. Елімізде де жағдай мәз емес. Өкінішке орай, біздің өңір «сары» аймаққа өтіп отыр. Өткен тәуліктің өзінде 53 азаматтан вирус анықталған. Ауру жұқтырғандар қатарының өсуіне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу, қоғамдық көліктерде және адамдар көп жиналатын  орындарда қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп деп санаймын.

Облысымызда әлі де болса жасырын той өткізу тыйылмай тұр. Мейрамханаларға қатысты тексеру жүргізетін мониторингтік топтардың жұмысы көңілден шықпайды. Көңіл көтеру орындарының қожайындары түрлі айла қолданып, кафе жабылған күннің өзінде оны басқаша тіркеп, жұмысын жалғастыруда. Бұл ретте азаматтардың да жауапкершілігін сөз еткен жөн. Той жасап, қонақ шақырып жатқандарға қатысты қатаң шара қолданар кез келген секілді.

Біз үшін ең қымбаты азаматтардың денсаулығы, өмірі. Қазірден бастап мониторингтік топтардың жұмысын күшейтіп, жерлестерімізді тәртіпке шақыруымыз керек.

Індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцинация екенін ғалымдар сан мәрте айтқан болатын. Оған күмән келтіре алмаймыз. Қазіргі уақытта өңірімізге вакцинаның 60 мыңнан аса дозасы жеткізілді. Сондықтан баршаңызды коронавирусқа қарсы екпе салдыруға шақырамын.


Қадірлі жерлестер!

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қара» деп бекер айтпайды. Былтырғы жағдайдың қайталанбауы үшін барлығыңызды сақтық шараларын қолға алып, санитарлық талаптарды орындауға шақырамын. Түрлі қиындықты еңсерген жұртымыз бұл сыннан да сүрінбей өтудің амалын жасайтынына сенімдімін» — делінгін хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.