Жамбыл облысы эконмикалық өсім бойынша республикада екінші орында

0 5

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы дамытудың міндеттері белгіленді.

Жиында алты айдағы атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды десек, бұл тұрғыда Жамбыл облысы бірқатар көрсеткіштер негізінде алдынғы қатарлардан көрініп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегінің нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі өткен жылдың тиісті кезеңінен және республикалық деңгейден жоғары деңгейде қалыптасып, Президент жүктеген тапсырмалардың толығымен орындалуына қол жеткізілген.

Нақтыра тоқталсақ, есепті кезеңде өңірдегі экономикалық өсім 5,4 пайызды құраса, бұл республика бойынша үздік  екінші көрсеткіш. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, сауда, байланыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі бойынша көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда арта түскен. Айталық, алты айда аймақта 288,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 14,9 пайызға артса, 160,8 млрд.теңге инвестиция тартылып, 12,2 пайызға ұлғайған.

Ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика қалыптасқан. Саланы дамытуға 19,1 млрд.теңге субсидия қаралып, оның 13,8 млрд.теңгесі игеріліп үлгерілген. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнім көлемі 77,2 млрд. теңгені құрап, 4,3 пайызға артқан. Егістік алқабы биыл 47 мың гектарға ұлғайып, 768,5 мың га жеткен. Суармалы жер көлемі 179,8 мың га құраса, су үнемдеу технологиясы 40 мың га енгізілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз  сөзінде ауылдықтардың ахуалын арттыруға баса ден қоюды тапсырып, бұл тұрғыда Жамбыл облысында жүзеге асқан пилоттық жобаның жемістілігін айрықша атап өтті.

— Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 2 есеге артты. Мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыру керек, — деді ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Айта кетейік, облыстың 10 ауданынандағы 11 ауылдық округ қатысқан ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бойынша пилоттық бес бағыты аясында 9,2 миллиард теңге игерілген. Бүгінгі таңда 944 миллион теңгеден астам несие қарызы өтелген. Пилоттық жоба қатысушыларымен 21 мың тонна дәнді және мал азығы дақылдары, 11,2 мың тонна көкөністер мен бақша дақылдары, 12,5 мың тонна ет және сүт өнімдері өндірілген.

Нәтижесінде 589 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайды (528-ден 334-ке дейін). Сондай-ақ, аталған ауылдық округтерде АӘК алушылар саны 1058 адамға азайып, 2282 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген.

Сондай-ақ, биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс аумағында 424,8 шақырым жолдар салынып, жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді-мекен көшелерінің үлесі 77,2 пайыздан 79,2 пайызға жетпек. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы тағы 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайыға дейін артатын болады. Ал, облыстың 20 елді мекеніндегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, қамтылу үлесін 83,8 пайызға жеткізу көзделуде.

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы жиын өткізіп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, аймақ экономикасын одан әрі дамыту жолында жұмылып жұмыс жасауға шақырды.

Аймақ басшысы, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, ондағы санитарлық талаптардың сақталуы және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын назарда ұстау, ұлттық санақтың дұрыс ұйымдастырылуы, қажетті азық-түлік өндірісін жолға қою арқылы өз-өзімізді қамту, қоқыстарды жою,  жайылым мәселесін реттеу және тағы басқа мәселелерге айрықша назар аудартты.

— Экономиканың  даму қарқынын сақтау – басты талап.  Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін барынша пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, бұл тұрғыда инвестиция тарту жұмыстарын күшейте түсу – аса маңызды. Біз өзімізде өндірілмейтін заттардың орнын толтыру бойынша жұмыс жасауға тиіспіз. Қай жерде қандай цех, зауыт салу керек, соның жоспар-жобасы болуы тиіс. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қайта өндеуді жүйелі жолға қоя қолмай отырмыз. Осының салдарынан өз өнімдерімізбен өзімізді қамти алмай, тиісінше пайда-табыстан да құр алақан қалудамыз, — деген Бердібек Сапарбаев өз орынбасарлары мен аудан, қала әкімідеріне және басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.