Жамбыл облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары штаттық режимде жүруде

0 2

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жылыту маусымына дайындық жөніндегі штаб отырысында жылумен және электрмен жабдықтау нысандарының алдағы қыс мезгіліне дайындағына қатысты бірқатар маңызды мәселелер сараланды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 3 мыңнан астам нысанды жылыту маусымына дайындау жұмыстары штаттық режимде жүзеге асуда. 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының, ал 10 қазанға дейін барлық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарының дайындығын қамтамасыз ету қажет.

Алдағы жылыту маусымына облыс тұрғындарына 188 мың тонна көмір қажет деп жоспарланса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,7 мың тоннаға аз. Бұған 45 елді мекенді газдандыру нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандарға көмір сатып алу үшін тиісті конкурстар өткізілген.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 156 әлеуметтік нысанды газға көшіру бойынша шаралар қабылданып, жаз айларында ыстық судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілуде.

— Жылумен жабдықтаушы ұйымдар жылу жүйелерін қысыммен сынау кезінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізуі тиіс. 1 тамыздан бастап осы жұмыстар барысында ыстық су 15 күн бойы тоқтатылады. Тұрғындар мұны түсіністікпен қабылдайды деп үміттенеміз. Өйткені, бұл шаралар жылыту маусымын кедергісіз өткізу үшін аса маңызды, — деді Руслан Мұздыбеков.

Бердібек Сапарбаев жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Аймақ басшысы жылу және энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жетекшілерінен, аудан әкімдерінен, әлеуметтік сала бойынша басқарма басшыларынан қыс мезгіліне дайындық  барысы туралы жауаптар алды.

«Таразэнергоцентр» АҚ өкілдеріне әлеуметтік желілерде кәсіпорын жұмысына қатысты шағымдар жиі түсетінін ескертіп, барлық олқылықтарды шұғыл жоюды тапсырды.

Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевке бұған дейінгілердің қателіктерін еске салып, енді ондайға жол берілмеуін талап етті.

— Жылу мен ыстық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін барлық құрылымдардың үйлесімді жұмысы қажет. Аудан әкімдері нысандардың, әсіресе әлеуметтік нысандардың дайындығын тексеруі керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, апатты жағдайдағы мектептер мәселесіне де арнайы тоқталды. Меркі, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарының әкімдеріне түйінді түйткілдерді шешу бойынша тапсырмалар жүктелді.

— Газ құбырлары тартылған елді мекендердегі барлық үйлерді көгілдір отынға қосу қажет. Бұл ең алдымен Қордай және Т. Рысқұлов аудандарына қатысты, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жылу энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы қарыздарды өтеу мәселесін зерделеуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.