Жамбылда 27 кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтерді

0 4

Биыл Жамбыл облысындағы 27 кәсіпорын өз жұмыскерлерінің жалақысын 23 пайызға көтерген. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы жиында жұмысшылардың құқығын қорғау, еңбек дауларының алдын алу, жалақы берешектерін жою және болдырмау, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақы мөлшерін арттыру секілді мәселелерге айрықша тоқталып өтті.

Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Есіркепов әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын реттеу және тұрақты бақылауда ұстау мақсатында жергілікті әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлескен жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері үшжақты комиссиялардың 75 отырысы өткен.

Аталған комиссиялармен биыл барлығы 130 мәселе қаралып, оның 95-і жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімін тапқан. Қалған 35 іс азаматтық тәртіппен сотқа жолданған.

— Тексерістердің қорытындысымен жұмыс берушілерге  27 орындалуы міндетті нұсқама беріліп, жалпы құны 1 560 595 теңгені құрайтын 12 айыппұл салынған. Бүгінгі күнге айыппұлдар толығымен мемлекет мүддесіне өндірілді. Сондай-ақ, есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, — деді баяндамашы.

Есепті кезеңде 218,2 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1374 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған.

Бұл тұрғыда еңбек қатынастарын реттеу мақсатындағы жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстардың әсері зор.

Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған негізгі шаралардың бірі – өндірістік процесстерді тұрақтандыру, жұмыскерлерді қысқартпау мәселелері жөніндегі меморандум десек, облыста жұмыс істеп тұрған 10666 заңды тұлғаның барлығында (100 пайыз) осы меморандум бекітілген. Осы орайдайға республикалық көрсеткіш – 63,7 пайызды құрайды.

Аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған ірі кәсіпорындармен меморандумдарға қол қою рәсімін аудан әкімдері де белсенді түрде жалғастырып, нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар республика бойынша 1-ші орынға шыққан. Ал, жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған ұжымдық шарттар 6807 кәсіпорында қабылданған.

— Облыс әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» және Жамбыл облысының жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2021−2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімге қол қойылды. Бұл келісім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде тіркеуден өтті. Осы өңірлік келісімнің аясында, ұжымдық шарттар қабылдау  жұмыстарын 100 пайызға жеткізу мүмкіндігі ашылып отыр,-деді Ернар Есіркепов.

Облыстағы еңбек даулары мен шиеленістерін бақылауда ұстау мақсатында, басқармамен еңбек тәуекел қаупі бар кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған 57 кәсіпорын енгізілген. Оларға ай сайын мониторинг жүргізілуде.

Облыс әкімі жұмысшылардың құқығын қорғауда барлық кәсіпорындарда кәсіподақтар құрудың маңыздылығын тілге тиек етіп,  Еңбек саласын цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, еңбек шарттарын E-HR жүйесіне енгізуге бағытталған жұмыстардың да өзектілігін баса айтты.  Осы орайдағы жұмыстары сылбыр бірқатар аудан және қала әкімдерінің жұмысы сынға алынды.

— Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған төменгі жалақыны көтеру мәселесіне аудандық және қалалық үшжақты комиссиялардың белсенді түрде атсалысып, жоспарлы жұмыс атқару керек. Жалпы, жыл сайын жалақы инфляция деңгейінен кемінде 2 пайызға өсіп отыруы керек. Қосымша көздерді қарастырыңыздар! «Жұмыс жүргізіп жатырмыз, алдағы уақытта кемшіліктерді жоямыз»,-деген сылтаулар қабылданбайды. Нәтижесі болмаса, ол жұмыстар кімге керек? Жалақы берешектерінің туындауына жол бермеуге тиіспіз. Жұмысшылар еңбегіне қарай жалақыларын уақытылы алып отыруы қажет. Сондай-ақ, тиісті төлемдерді аударуда да  мәселелер орын алмауын назарда ұстаңыздар,-деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы жұмысшы топ құруды тапсырып, ол жан-жақты шаралар атқаруды негізге алу керектігін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.