Мұхтар Әуезовтің ақын Ғали Ормановқа жазған хатынан

0 4

Қазақтың көркем әдебиет баспасының бас редакторы жолдас Ғ.Ормановқа:

Сіздің баспа әзірлеген Абай жинағының қолжазбасын түгел қарап шығып, өзімше қажет деген жерлерге көп түзетулер кіргіздім. Әзірлеген қолжазбада машинистка қаталарынан өзге, Абай текстіне бұрын баспалардан кіріп жүрген, арылмай жүрген аса орасан сөз қаталары болушы еді. Бұл қаталықтар 1939 жылы шыққан екі томдық Абай жинағында және сондағы қаталарды көбінше сынсыз қайталаған 1945 жылғы академиялық баспада орын алған болатын. Сол кездегі Абай текстін қолдарынан өткізген Тіл-әдебиет институтында істейтін адамдар Абай текстіне өздерінің әр алуан өрескел айшығын салған. Осы реттен қарағанда, қазіргі Сіздер әзірлеп отырған Абай жинағы көп былық қаталықтардан арылған, шамасынша таза әзірленгей жинақ болса екен деген талап ойлаймыз.

Түзеген сөздерімді беттерін айтпай, түзелген түрлерін де санап өтейін: Олар: «ығы», «ой желке», «жоталы», «салық», «бол-бол», «ол кісі», «жалғасқан», «болсашы», «үрген ит», «тебіренді», «ысынып», «төмендеп», «желғабыз» деген сияқты бұрынғы баспаларда басқаша айтылып, өлең жолының мәнін өзгертіп, реңін бұзған теріс сөздердің орнына жазылды. Бұл саналғандар, кем қойғанда, он шақты өлеңнің тексті бұзылғанын көрсетуші еді.

Ендігі бір ұсынысым, Абайдың кей өлеңдерінде тұрпайы сөздер кездеседі. Әсіресе Абай заманында онша өрескел, сөлекет көрінбеген, бұл күнде біздің жастар айтудан ұялатын, оқыса именіп оқитын: «ойнас», «көт», «ұма», – деген тәрізді натурализмдер бар. Енді осыларды баттитып баса бермей, көп точка қойып, түсіріп кетіп отыру қажет сияқты. Бұл жұмысты да баспаның ішкі редакторы қадағалап қарап шықса деймін.

Мұхтар Әуезов.
27.V.1952 жыл. Алматы.

P.S. Суретті түсірген – фототілші Рысқали Дүйсенғалиев. 1958 ж.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік жазбасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.