Баспана әлде той. Жас отбасылар қалай үйлі болады?

0 16

Елімізде жылда 152 мыңнан астам қазақстандық некеге тұрады. Ал үйленген соң үйлі болу – бірінші кезектегі мәселе. Осыған орай, биылғы жылдың 1 шілдесінен жас отбасыларға тиімді шарттарды пайдаланып пәтер алуға көмектесетін «Жас отбасы» бағдарламасы күшіне енді.

Бағдарлама аясында несие мөлшерлемесі 6 процентті құрайды. Бірақ мөлшерлеме көлемі екі жылдан соң 1 процентке төмендеп, 5 процент болады.

Бағдарламаға қатысуды мақсат еткен жұбайлар Тұрғын үй құрылыс банкінен аталған бағдарламаның депозитін ашып, кемі бір жылда пәтердің жарты ақшасын жинап, бағалау көрсеткішін (ОП) 5-ке жеткізуі қажет. Депозитті ашарда ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанына неке куәлігі бойынша 3 жылдан аспауы шарт. Сондай-ақ депозитті ері де, әйелі де ашып, шоттарын «Отбасылық пакетке» біріктіруіне болады. Ол мемлекет сыйақысын екі есе көп алуға мүмкіндік береді. Банк сыйақысы 2 процентті құрайды, оған 20 процент жылдық мемлекет сыйақысы қосылады. Мемлекет сыйақысы 200 АЕК-ке дейінгі сомаға есептеледі.

Отбасыларға арналған басқа бағдарламалардан «Жас отбасының» ерекшелігі жұбайлардың жасына немесе бала санына мән берілмейді. Сондай-ақ пәтерді жаңа үйлерден де, қайталама нарықтан да ала алады. Бағдарлама аясында жер алып, үй салуға да болады. Заем 6 мен 9 жыл аралығындағы мерзімге беріледі. Ал жас жұбайлардың төлем қабілеті орта есеппен 120 мың теңге болуы керек.

Жоғарыдағы бағдарлама шарттарына көз жүгіртсек, жас отбасылар тойға жұмсайтын ақшаны «Жас отбасы» депозитіне салса, бір жыл ішінде үйлі болуға мүмкіндік алып, жалдамалы пәтерге төлейтін ақшаны өз пәтеріне жұмсауға болатынын көруге болады. Сондықтан ұлан-асыр той жасамас алдында «жеті рет өлшеп, бір рет кескеніміз» дұрыс болар. 

дереккөз: Dauletten.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.