ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Қала мен ауыл – ажарымен, көше – тазалығымен

Қала мен ауыл – ажарымен, көше – тазалығымен

Бүгінде елді мекендерде көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар биылғы жылдың басты оқиғасы – ЭКСПО көрмесіне дайындық барысы да басты назарда. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы аталған мәселелерге орай атқарылған жұмыстардың жай-күйі пысықталды.

Онда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Тілегенов наурыз айынан бастау алған тазалық жұмыстарына тоқталды, орын алған кемшіліктерді де айналып өткен жоқ. Оның айтуынша, тазалық айлығы аясында өткен сенбіліктерде облыс бойынша 188817 дана тал-терек отырғызылып, 10990 шаршы метр гүлзар мен 7010 шаршы метр көгал орналастырылған. Барлығы 994,5 шақырым арық, арналар, 5533,7 шақырым көшелер бойы, 895351,3 шаршы метр саябақ пен скверлер аумағы тазартылып, көріктендіріліпті. 5663 тонна күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылған. Бұл жұмыстарға биыл 1 миллиард 265 миллион теңге қаржы қаралған. 3 212 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланып, оған бюджеттен 875,1 миллион теңге бөлінсе, 1 сәуірге дейін 1350 адам тартылып, 86,5 миллион теңге игерілген көрінеді.
1476176176_subbotnik442-img-20170406-wa0010Баяндамашы елді мекендер аумақтары мен белгіленбеген жерлерде әлі де болса қоқыс пен қалдықтардың шашылып жатуы деректері орын алып отырғанын да атап өтті. «Бұл – тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау бойынша түсіндірме жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуінің де көрінісі. Осыған байланысты тұрғындарға Заң талаптарына сәйкес ескерту беріп, тиісті шара қолдану қажет екендігін есте сақтаған жөн. Бұл жергілікті әкімдердің міндеті», – деді ол.
Бұл орайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 434- бабына сәйкес қоғамдық орындарды ластаған азаматтарға, оның ішінде саябақтарда, скверлерге тұрмыстық қалдықтар тастағаны үшін 555 тұлғаға хаттама толтырылып, 2 459,5 мың теңге айыппұл салынған екен. Бұл мәселенің арнайы мекемелер мен техникалардың жетіспеушілігіне де қатысы бар. Мәселен, Тараз қаласы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінен бөлек, 4 жеке кәсіпкер айналысады. Кәсіпкерлердің әрқайсысында небәрі 5-6 техникадан ғана бар. Бірақ олардың тозығы жеткен және қаланың бекітілген аумағындағы тазалықты толық қамтамасыз етуге шамалары жетпейді.

Тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сондай-ақ, қоқыс төгу алаңдары санитарлық-экологиялық және құрылыс нормаларына сай емес, ал елді мекендердің жанында орналасқан жер учаскелері қоршауы жоқ, тегістелмеген және қалдықтар түріне қарай сұрыпталмайтыны жиында тілге тиек етілді. 

Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық бойынша облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары С.Үрпеков баяндады. Көрмеге соғыс ардагерлері, алты жасқа дейінгі балалар, жетім балалар, барлық топтағы мүгедектер тегін кіреді екен. Ал студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер, көп балалы аналар 50 пайыздық жеңілдік билеттерімен кіргізіледі.
Баяндамашы көрмені тамашалаушыларды көлікпен қамтамасыз етудің жай-жапсарын түсіндіріп өтті. «Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Тараз-Астана-Тараз» бағыты бойынша қосымша жолаушылар пойызы іске қосылатын болады, оған қоса облыс бекеттері арқылы өтіп жатқан пойыздарға қосымша тіркеме вагондар қажетінше қосылады. «Тараз-Астана» рейсі бойынша аптасына 10 ұшақ Астана қаласына қатынайтыны жоспарлануда, – деді ол.
Баяндамада жолаушылар легін ретке келтіру, пойыз вагондарынан орындар алу үшін алдын ала тапсырыс беру жұмысын жүйеге келтіру, көрмеге қатысушыларды Астана қаласында тасымалдау мәселесін шешу сынды өзекті тақырыптар көтерілді.
Кәрім Нәсбекұлы баяндамашыларды мұқият тыңдап, бірқатар мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарына тоқтала келе, қоқыс қалдықтары полигондары санын көбейту керектігін айтты. Бұл ретте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Тілегенов 3-4 елді мекенге 1 полигонның жеткілікті болатындығын айтты. Осы орайда оған Мойынқұм ауданы аумағындағы Алматы облысына қарасты Үлкен елді мекенінің күл-қоқыс алаңы бойынша Ұзынағаш ауданы әкімдігімен мәселені реттеу тапсырылды. Қалалардағы шағын аудандардың күл-қоқыс тастайтын орындарындағы плита қоршаулардың қауіпті жағдайда тұрғандығы да айтылып, оларды мықтап бекіту және айналасын таза ұстау жайы да пысықталды.
Сонымен қатар, республикалық жолдардың бойындағы аялдамалар мен әжетханаларды күтіп ұстау, тал-дарақтарды әктеу сияқты жұмыстарын «ҚазАвтожол» мекемесі мүлдем қолға алмай отырғандығы сын тезіне алынды. Аталмыш кәсіпорынға тиесілі республикалық жол бөлігінің әбден қирап, көліктердің сорына айналғандығы өңір басшысы тарапынан ащы айтылды. Темір жол бойындағы стансалардың маңдайшалары сырланбай, тіпті қисайып, сәні кетіп тұрғандығына да тоқталған облыс басшысы, бұл мәселенің барлығын жедел қолға алу керектігін атап көрсетті. Себебі, алда – ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты сын сәті тұр. Ал темір жол, автокөлік жолдары қонақтар қатынасына сақадай-сай әзір болып тұруы қажет.

 

Қарлығаш Есбергенова,
Мақала «Ақ жол» газетінен алынды

Пікір: 0
Пікір қосу