ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Эдгар Поның елесі

Эдгар Поның елесі

 

Мистикалық шығармалар жазған Эдгар Поның өмірі де тылсыммен байланысты еді, жұмбаққа толы еді. Шығармаларында «қара бояуды» жиі пайдаланса да, ашық түсті перде тұтылған терезеден түскен жарық секілді бір сәуле сол «қараңғылықты» нұрландырып жібереді. «Зұлымдық гүлінің» авторы Бодлердің Эдгар Помен ауырғанын түсінем. Көп ақын-жазушыны мойындамайтын және «ақын емессің, жазушы емессің» деп айтып тастап, өзіне жау тауып жүретін тәкаппар, қырсық Бодлер ол туралы мақала да жазды. Бір қызығы, өзінің өлеңдеріне қарағанда, Эдгар По туралы мақаласына жоғары қаламақы алады. Ақшадан тарығып жүрсе де, ақын өзіне «неге?» деген сұрақты қойды. «Әдебиетте тағдыры қиын адамдар бар, олардың маңдайында, қалың әжімдерінде «Сәтсіздік» деген жұмбақ жазу бар» деп жазады ол Эдгар По туралы мақаласында.

 

Әрине, ерке ақын «маңдайдағы сәтсіздікті» өзіне де қарата айтты. Бодлер қоғамы «алқаш, жынды, есуас» деп таныған Эдгар Поның ішкі жалғыздығын, жан дүниесіндегі арпалысты, болмысындағы қайшылықты шынайы ашады. Бәлкім, ол Эдгар Поны жазып отырып, өзі туралы жазған да шығар. Жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер көбіне мистикалық әлеммен байланысты, олар жүйке ауруымен ауырады. Олар қарапайым адамдар көре алмайтын әлемді, дүниені көреді. Бодлер Эдгар Поның кейіпкерлерінің басынан өтетін мистикалық оқиғалардың кейбірінің жазушының өз өмірінен алынғанын, әрине, түйсігімен сезді. Жазушының тылсым әлемнің сырын бірде түсініп, бірде түсіне алмай жаны қиналатынын, әрине, сезді. Сезді де аяды. Эдгар По ішіп алған кезінде достарына басқа әлемнен келген адамдарды көретінін, олармен сөйлесетінін, олардың ылғи өзін бақылап тұратынын айтушы еді ғой. Достары «жынданған екенсің» деп күліп, мазақ ететін. Ол ішіп алып, елестер туралы әңгімені қиялынан шығарған жоқ, оның шынымен тылсым әлеммен тілдесетінін Бодлер жақсы түсінді. Эдгар Поның Балтимордегі үйіне (музейіне) жаздың ең ыстық күнінде келген адамдар жазушының жатын бөлмесіне кірсе, «қатты жаурадық, тіземіз қалтырап тұр» дейді екен. Есіңізге түсіріңізші, әріптестері естеліктерінде Эдгар Поның Балтиморде жұпыны, от жағылмаған, суық үйде тұрғанын, күрк-күрк жөтеліп, жазуға талпынғанымен, қолы жаурап, икемге келмейтінін айтушы еді ғой. Жазушының жыл сайын туған күнінде, 19 қаңтарда бейітіне қара плащ, шляпа киген, жүзін шарфпен жасырған адам келіп, бір бөтелке коньяк және үш тал роза гүлін қойып кететінін айтады. Аңыз дейін десең, бұл туралы Эдгар По үй-музейінің жетекшісі Джефф Джероум да сұхбат берді. Жалпы бұл туралы Америка, Eуропа, Ресей басылымдарында аз жазылған жоқ. Жазушының «құпия табынушысы» алғаш рет бейіт басында 1949 жылы «қолтаңбасын» қалдырыпты. 1998 жылдан кейін ол «құпия табынушының» орнын басқа ізбасары басқан. Бұл туралы адамдар бейіт басына «құпия табынушы» қалдырған хаттан білген. «Құпия табынушыны» көру үшін, «ұстау» үшін тіпті шетелден де Эдгар Поның оқырмандары келіпті. 2007 жылы жергілікті газетке берген сұхбатында тоқсан екі жастағы Сэм Порпора есімді бұрынғы шіркеу қызметкері Эдгар Поның «құпия табынушысын біз ойлап таптық, шіркеуге адам көп тарту үшін, тек адамдарды сендіру үшін «құпия табынушы оқиғасын» 1949 жылдан бастадық» дейді. Бірақ музей басшысы да, басқа да мамандар Сэм Порпораның сөзін жоққа шығарады. Содан бері Эдгар Поның туған күнінде «құпия табынушыны» көру үшін бейіт басына адамдар бұрынғыдай көп жиналмайтын болды. Сэм атайдан кейін де «құпия табынушы менмін» деп төрт адам шықты. Кейбіреулер «құпия табынушының ұсталмайтын себебі, ол Джефф Джероумның өзі, ол музейге адам тарту үшін осындай қулық ойлап тапты» деген пікірді, әрине, айтты. Мұның бәрін Джефф жоққа шығарып келген болатын. 2012 жылы Джефф «ойын біткенін» айтты.

Аягүл Мантай.
adebiportal.kz

 

Дереккөз: "Ақ жол" газеті

http://www.akjolgazet.kz/?p=57215 

Пікір: 0
Пікір қосу