Пхенчхандағы Олимпиадада ең көп жүлде алуы мүмкін спортшылар

0 3

Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да бір айдай уақыт қалды. Қазіргі таңда спортшылар төртжылдықтың басты додасына бар күштерін сарқа дайындалуда. Ал танымал «Gracenote» статистикалық агентігі бұл жарысқа өз болжамдарын жасап үлгерді. Бір Олимпиадада бірнеше жүлде алып, өз құрамаларын алға сүйреп жүрген спортшылар жетерлік. «Gracenote» статистикалық агентігінің сарапшылары да Пхенчханда ең көп жүлде алып, жұлдызы жанатын спортшылардың тізімін жасады. Олай болса Оңтүстік Кореяда кімдердің айы оңынан тумақ?

1. Лаура Дальмайер (биатлон) — 5 алтын, 1 күміс «Gracenote» агенттігінің сарапшылары 24 жастағы неміс спортшысына тең келер қарсылас жоқ деп санайды. Бір өзі 5 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алады деген болжам жасауда. Сочидегі Олимпиадада жұлдызы жанбаған Лаураның жетістік шыңын бағындыратын сәті жақындап қалған секілді. 2014 жылғы Олимпиада ойындарынан бергі аралықта 7 рет әлем чемпионы, 2016/2017 маусымдағы әлем кубогын иеленді. Дегенмен Лаура соңғы жарыстарда денсаулығына байланысты жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген жоқ.  Сарапшылар болжамы бойынша Лаура Дальмайер 10 шақырымдық із қуа жүгіру, 12,5 шақырымдық масс-старт, 15 шақырымға жекелей жарыста және Германия құрамасымен бірге 4х6 шақырым эстафета мен аралас эстафетада (2×6 шақырым (әйелдер) + 2×7,5 шақырым (ерлер)) алтын алады деп болжануда. Тек 7,5 шақырымдық спринттік сында ғана чех спортшысы Габриэль Коукаловадан кейінгі орынға жайғасады деп күтілуде. Лаура Дальмайерге 5 алтын алу оңай болмайтын секілді.

2. Мартен Фуркад (биатлон) – 4 алтын, 1 күміс Француз биатлоншысы спортсүйер қауымға аса танымал спортшылардың бірі. 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадада 2 алтын 2 күміс медаль жеңіп алды. Ал Пхенчханда Мартен 4 алтын 1 күміс иеленеді деп болжануда. Биатлоншы ерлер арасындағы жекелей сынның барлығында жеңіске жетеді деп күтілуде. Ерлер арасындағы эстафетада жүлделі орыннан көрінбейді. Ал аралас сында Франция құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізетін көрінеді.

3. Мартин-Йонсруд Сундбю (шаңғы спорты) – 3 алтын, 1 күміс «Gracenote» статистикалық агентігі Пхенчханда Норвегия құрамасы 12 алтын медаль жеңіп алады деп болжауда. Оның 10-н шаңғы спортынан иеленеді деп күтілуде. 33 жастағы Мартин-Йонсруд Сундбю 15 шақырымға еркін әдіспен жүру, 50 шақырымға классикалық әдіспен және ерлер арасындағы 4х10 шақырым эстафетасында үздік шығады, — дейді сарапшылар. Сондай-ақ спортшы скиатлон (15 шақырымнан екі кезең) сынында күміс медаль еншілейді деп болжанған.

4. Марсель Хиршер (тау-шаңғы спорты) – 3 алтын 28 жастағы австриялық спортшы Олимпиада чемпионы атанбаған. Сочиде слалом (табиғи я қолдан жасалған кедергілер арқылы шаңғымен құлдилап таудан төмен түсу) сайысында күміс медаль еншіледі. Сарапшылар Пхенчханда бұл спортшы слалом, алып слалом және комбинациялық сайыс сындары бойынша алдына жан салмайды деп болжауда.

5. Свен Крамер (коньки) – 3 алтын Нидерланд елінің конькишісі Сочидегі ақ Олимпиадада үш рет жеңіс тұғырынан көрінді. Пхенчханда да Свен үш рет топ жарады деп топшылануда. Ол 5 және 10 км қашықтық пен командалық сында алтын алады деп күтілуде.

6. Хизер Бергсма (коньки) – 2 алтын, 1 қола Америкалық конькиші Олимпиада ойындарында жүлделі орыннан көрінбеген. Әйтсе де әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстардағы көрсеткіштері жоғары. Пхенчханда 28 жастағы спортшы 1000 және 1500 метр қашықтық жарысында алтын, 500 метрлік сында қола алады деп болжануда. Спорт сарапшыларының болжамы бойынша алтын медальдан басты үмітті спортшылардың қатарында Тина Вайратер (Лихтенштейн, тау-шаңғы спорты), Микаэла Шиффрин (АҚШ, тау-шаңғы спорты), Кейли Хамфрис (Канада, бобслей), Йоханнес Лохнер (Германия, бобслей), Шарлотта Калла (Швеция, шаңғы спорты), Морис Монифика (Франция, шаңғы спорты), Камил Стох (Польша, трамплин), Нао Кодайра (Жапония, коньки) бар. Статистикалық агенттіктің сараптауы бойынша Оңтүстік Корея жерінде неміс спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады екен. Бұл додада Германия құрамасы 14 алтын 12 күміс 14 қола медаль еншілейді деп топшылап отыр. Сондай-ақ алғашқы үштікке Норвегия (14 алтын 11 күміс 12 қола) мен АҚШ (10 алтын 10 күміс 9 қола) құрамалары енеді деп болжаған. 2018 жылғы қысқы Олимпиада Франция құрамасы үшін табысты болмақ. Сарапшылар француз құрамасының жетістігін Мартен Фуркад (биатлон) есімімен байланыстырып отыр. Ал соңғы уақытта сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Мари Дорен-Абер (биатлон) маусым соңынан мансабын аяқтауға ниетті.  «Gracenote» статистикалық агентігі 2018 жылғы Олимпиадада 27 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп топшылауда (соңғы үш Олимпиадада тек 26 елдің спортшылары жүлдегер атанған). Ал бұл қатарда Қазақстан құрамасы жоқ. Сондай-ақ Сочи Олимпиадасында жүлде алған Хорватия елі де жүлдесіз қалады деп болжанған. Қазақстандық спортшылардың қысқы Олимпиада мен жазғы Олимпиададағы жетістігін салыстыруға келмейді. Оның себебі де көп шығар. Әңгіменің тоқетері, Пхенчхандағы додада отандастарымыздан жарқын жеңіс күтеміз. Дәл осы Олимпиадаға тәжірибесі толысқан, жастық жалыны бар, жеңіске деген жігері мол спортшыларымыз қатыспақ. Кемінде болмаса да, тегінде құралақан қайтпас…

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.