Қордай ауданында спортпен шұғылданушылардың саны 41 330 адамға жеткен

0 1

Қордай ауданында  қазіргі таңда  спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны – 41 330 адамға жеткен. Бұл тұрғындардың 28,9 пайызын құрайды. 2020 жылға дейін белгіленген республикалық меже 30 пайыз болса, қордайлықтардың көрсеткіші көңілге қонымды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Тағы бір қуанарлығы ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, ауданнан ұлттық спорт түрлері бойынша №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрылған. Қазіргі таңда, мектепте тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, тенге ілу және көкпар тарту ойындарынан үйірмелер жұмыс жасап жатса, онда 138 оқушы тәлім алуда. Осылайша аудан алғашқылардың бірі болып ұлттық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевтың айтуынша, мұндай спорт мектебінің облыста баламасы жоқ көрінеді.

— Жалпы ұлттық спорт ойындарына арналған мектеп ашу мәселесі ауданда біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан болатын.  Міне, осы азаматтардың басын бір ортаға тоғыстыру мақсатында №13 балалар-жөспірімдер спорт мектебін құрдық. Айта кетейік, мұндай мектеп қазіргі таңда бірде-бір ауданда жоқ. Ал спорт мектебіне қажетті қаржылай қолдау толықтай аудандық бюджеттен қаралды.

Дәл қазір, асық ату, қазақ күресі, көкпар сынды спорт түрлерінен үйірмелер толықтай жұмысына кірісті. Ал құсбегілік, қыз қуу сынды ойындар бойынша бапкерлермен келіссөздер жүргізудеміз. Бұйыртса жыл соңына дейін бұл үйірмелер де өз жұмысын бастайды.

Тағы бір айта кетерлігі, ат спортына арналған заманауи атшабардың құрылысын жүргізу үшін жобалық сызбаларымызды дайындап отырмыз.Аталмыш атшабардың сыйымдылығы 600 көрерменге шақталатын болады. Міне, осындай ауқымды жобамызға аудан әкімдігі қолдау білдірсе, бұл бастамамыз да ел игілігіне қызмет етпек, — дейді бөлім басшысы.

Осылайша тың идеяларға жан бітірген ауданда бұдан бөлек, 1 орталық стадион, 1 спорт кешені, 49 спорт алаңшалары, 2 бассейн, 52 спорт зал және 9 ауылдық округтегі 15 кіші футбол алаңшалары бұқаралық спортты дамытуға барынша үлес қосуда. Ал 2017 жылы құрылысы басталған 320 көрерменге  арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені елге есігін маусым айында айқара ашады деп күтіліп отыр.

Ауданда іргесі қаланған спорт мектептірінің де жеткен жетістіктері толайым. Атап айтсақ, №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері кикбоксингтен Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алса, енді алтын медаль иегерлері қыркүйек айында Италия мемлекетінде жалауы желбірейтін Азия чемпионатында ел, облыс намысын қорғағалы тұр. Ал осы мектептің түлегі Могамедали Наджапкулов қол күресінен өткен Сары құрлық бәсекесінде бақ сынып, жерлестерін күміс жүлдемен қуантып үлгерген.

№2 балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің жастары да құр алақан емес. Мектептің тәрбиеленушісі Голендова Светлана жыл басында Иран мелекетінде алауы тұтанған Азия біріншілігінде өнер көрсетіп, 4х100 метр эстафеталық және жекелей жүгіруден бас жүлдені еншілеген. Осылайша ауданның талантты жастары Азия биігін бағындырып, ауданны абыройын асқақтатуда.

Ал аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа жаппай тарту мақсатында ұйымдастырылған «Мектеп лигасы», «Біз діни экстремиз мен терроризмге қарсымыз», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Әкем, анам және мен» сынды түрлі спартакиадалар мен жарыстар да өз жемісін беруде. Ал ең бастысы бұқаралық спортты дамытуға ауданның іскер азаматтары да атсалысуда. Мәселен, осыған дейін Молдасейітовтер әулеті Қаракемер ауылынан 400 миллион теңгеге спорт кешенін салып берсе, енді «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында жеке кәсіпкер Бектұрғанов Қасық ауылынан 20 миллион теңгеге күрес залының кірпішін қалауда. Осылайша ауыл азаматтары туған топырақты көркейтуге өлшеусіз үлес қосуда.

Міне, бұл Қордай ауданы спортының бүгіні мен ертеңі. Әрине, әлі де болса бұл өлке де тың жобалар жанданып, жұмыстар жүйесін табатындығына сенімдіміз. Әзірге, ауданның ұлттық спорт түрлерін дамытуға деген қолдауы мен демеуі көпке үлгі екені сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.