Күреңбелдік Шапағат Дәулет Қазақстан Республикасының дзюдо күресінен чемпион атанды

0 17

Елімізде жаратылысы нәзік бола тұра ер азаматтармен бірге спортта биік жетістіктерге жетіп, еліміздің намысын қорғап жүрген спортшы қыздарымыз аз емес. Оның ішінде Жуалы ауданында  күрес, бокс, таэквондодан көпке танылып жүрген споршы қыздарымыз бар. Сол спортшылардың бірі – күреңбелдік Шапағат Қанатбекқызы, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қазақстан Республикасының дзюдо күресінен чемпионы Шапағат Дәулеттің спортқа деген сүйіспеншілігі мен құштарлығы ерекше.

Шапағат Павлодарда дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында қыздар арасында 57 кг  салмақ дәрежесінде чемпион атанып, Словенияда өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды.

Шапағат спортпен 11 жасынан бастап айналысқан. Дзюдо күресінен халықаралық спорт шебері Тайжан Қозыбеков жаттықтырған спортшы қыз  өзінің ептілігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін  Шапағат 2003 жылы Күреңбел ауылында туған. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол ата-анасының төртінші перзенті.

Шапағат алғаш 2016 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық турнирге қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алады. Бұл жеңісі оның спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.

— Спорт – бақытқа бастар жол. Спорт – денсаулық кепілі, яғни спорттың денсаулыққа пайдасы көп, адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Спортпен шұғылданған адамның ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсы болады. Көңіл күйіне де әсер етеді. Спорт адамды шынықтырады, жақсы қасиеттерге тәрбиелейді.

Дзюдо күресіне ағаларым Нұрдәулет пен Дарын қатысатын. Менің күреске, жалпы спортқа деген қызығушылығымды ағаларымның жеңісі оятты. Екеуі де облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Ағаларыма қатты еліктедім. Менің спортпен шұғылдануыма екі ағам да қарсылық білдірген жоқ, қайта үнемі қолдап отырды.

Спортпен шұғылдану, оның ішінде күрес, әрине қыз бала үшін қиын. Бірақ, спортты сүйсең, барлық қиындыққа қарсы тұрасың. Спортшыға шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық керек. Спортты шын сүйсең, еңбекқор, төзімді болсаң, рухың биік болса ғана жетістікке жетесің. Мен спорт арқылы ел көрдім, жер көрдім, көп достар таптым. Еңбекпен келген жеңістің қаншалықты қымбат, үлкен бақыт екенін сезіндім. Сондықтан артымнан өсіп келе жатқан спортқа құмар сіңлілеріме тек қана сәттілік тілеймін!

Кейде кейбір ештеңеге бас қатырмайтын, қызық қуған, мақсатсыз жастарға қарап қарным ашады. Кейбір көріністерге жүрегім ауырады. Жастардың бойынан мейірімділікті, имандылықты, мақсатшылдықты көргім келеді. Себебі, еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында. Сондықтан біздің немқұрайлы болуға қақымыз жоқ. Бізге білім алуға, өнер үйренуге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, Аллаға шүкір еліміз аман, жұртымыз тыныш. Жастарға тек қана алға ұмтылу керек. Елбасы айтқандай, заман көшінен қалмай бәсекеге қабілетті болуға бар күш-жігерімізді арнауымыз керек.

Мен мені өмірге әкеліп, ата-аналық махаббатқа бөлеп, осы күнге жеткізген, әрдайым рухани күш беріп, қолдау білдірген ата-анама, менің жетістікке жетуіме барын салып спорттың қыр-сырын үйреткен, рухани күш берген Тайжан Қозыбеков, Гүлмира Игілікова мен Фарида Тастанбекова сынды ұстаздарыма ризамын, ол кісілерге алғысым шексіз.

Болашақ арманым – әскери қызметкер болу. Тәуелсіз елімнің дамуына өзіндік үлесімді қосып, биік белестерді бағындыру,— дейді Шапағат Қанатбекқызы.

Айта кетейік, Шапағат  Даулет спорттағы білімін, тәжірибесін жетілдіру мақсатында 2017 жылы Тараз қаласындағы облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға түспек. Бүгінде Шапағатты спорт шаңырағында Гүлмира Игілікова мен Фарида Тастанбекова сынды ұстаздары жаттықтыруда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.