Мойынқұм ауданының палуандары ел намысын қорғауда

0 4

Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткен аптадан бері бірнеше күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Соның бірі-грек-рим күресі. Осы күрес түрі бойынша Қазақстан командасының құрамында Мойынқұм ауданының   екі палуаны еліміздің намысын қорғауда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Оның бірі- «Мойынқұм», «Қарабөгет» совхоздарында ұзақ жылдар аға шопан болып еңбек еткен Садықов Жаһанша қарияның немересі Жаһанша Қорлан Қанатұлы да, екіншісі — Ұланбел ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып, ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан Дінмұхамедов Оқап қарияның немересі Дінмұхамедов Асхат Рахатұлы.

Атақтарынан ат үркетін әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар арасындағы аталған екі жас палуанда бұған дейін еліміз ғана емес Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алып жүргенін жақсы білеміз. Асхат Олимпиада ойындарына да  қатысып, өзін жақсы қырынан танытса, Қорлан Азияның күміс жүлдегері.

Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында Қорлан Қанатұлы 55 келі салмақта кілең мықтыларды ұтып, жан алысып, жан беріскен, тек ақтық айқаста ғана Грузия елінің палуанына есе жіберді. Сөйтіп, ол чемпионаттың күміс жүлдесін иеленіп, елін қуантты. Әттең, алтын болғанда қуаныш бірнеше мәрте еселене түсетін еді-ау.

-Мен ақтық айқаста сәл асығыстық жасадым. Соным дұрыс болмады,-деді Қорлан журналистерге берген сұхбатында. Алайда оның жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы әзербайжандық палуанды ойсырата ұтқаны ел есінде қалды. Бәлкім осы кездесуде ол көп күш жұмсап қойды ма деген ойда қалдық. Қорлан егіздің сыңары. Оның екінші сыңары Бағлан да күрес өнерімен айналысып, үлкен жетістіктерге жетіп жүрген азамат. Ағайындылар бағындырар белес көп.

Асхат болса кеше газет баспаханаға ұсынылғанға дейін үш қарсыласын жеңіп, айды аспанға шығарды. Ол әсіресе Ресей елінің Олимпиада чемпионын тұқырта ұтып, өз елін ,жерлестерін бір қуантты. Оның алдағы жекпе –жектерінде де жеңіске жетіп, алтын медальға қол жеткізуін тілейміз. Боз кілемде Асхатты тек жеңіс тұғырынан көрейік.

Айта кетейік, 14 қыркүйекте басталған әлем чемпионаты 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл біріншілікте өз салмағы бойынша үздік шыққан 6 спортшы Токио Олимпиадасына жолдама алады. Бұған дейін хабарланғандай, чемпионатқа 1002 атлет қатысады. Олар 105 елдің намысын қорғайтын болады. Жарыстан хабар тарату үшін әлемнің әр түкпірінен 250-ден астам журналист келген. Чемипонатқа бес құрлықтан 60-тан астам Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлер келуі жарыс көрігін қыздырып отыр. Олардың қатарында қонақ ретінде шақырылған ардагерлер де бар. Атап айтқанда, қазақстандықтарға етене таныс болып кеткен Александр Карелин, американдық жас жұлдыз Кайл Снайдер, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, белгілі жапон чемпионы Каори Ите, Артур Алексанян, Лопес Нуньес, Қазақстанның тумасы Валерий Рязанцев, Беларусь спортшысы Камандар Маджидов, Иран спортшысы Расул Хадем бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.