Алдаберген Мырзабеков 90 жаста

0 23

Қазақ мәдениеті мен өнері 2018 жылғы 6 ақпанда ауыр қазаға ұшырады. Атақты дирижер, ұлағатты ұстаз, публицист, Қазақстан Республикасының халық әртісі, отандық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі Алдаберген Мырзабеков 88 жасына қараған шағында дүниеден озды. Өмір жолы өнегеге толы азаматын халқы сағынышпен еске алады, деп жазады “ZhambylNews” AA.

Алдаберген Қайырбекұлы 1930 жылғы 14 қарашада туылып, Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы мектепте білім алған.

Ол Алматы мемлекеттік консерваториясын дирижер, жеке орындаушы, ұстаз мамандығы бойынша бітіріп, 1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне дирижер болып тағайындалды. Қазақтың аспаптық музыкасы – күй жанрының кәсіби дәрежеде дамуына зор үлес қосты. А.Моцарт, Л.Бетховен, И.Брамс, М.Глинка, П.Чайковский секілді классикалық музыка композиторларының шығармаларын Құрманғазы атындағы оркестрдің репертуарына қосып, оның көркемдік, орындаушылық дәрежесін биікке көтерді.

1962 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы музыкалы драма театрына көркемдік жетекші және бас дирижер қызметіне жіберілді. Мұнда ол тұңғыш рет қазақтың халық аспаптары оркестрін құрып, оның орындаушылық деңгейін кәсіби дәрежеге жеткізді. Аталған еңбегі үшін Моңғол Халық Республикасының «Алтын жұлдыз» орденімен және Ұлы Халық Хуралының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бұдан кейін ол дирижерлік мамандығын одан әрі тереңдету мақсатымен 1966 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен Мәскеудегі Н.Осипов атындағы ұлттық академиялық халық аспаптары оркестріне дирижерлік тағылымдамадан өту үшін оқуға жіберіледі.

1968 жылы Мәдениет министрлігінің шешімі бойынша Құрманғазы оркестріне көркемдік жетекші және бас дирижер қызметіне тағайындалды. А.Мырзабековтің халық оркестріне өңдеп түсірген Тәттімбеттің, Сүгірдің, Әшімтайдың классикалық шертпе күйлері, Ықыластың қылқобыз күйлері қазақ орындаушылық өнерінде айтарлықтай жаңалық болды.

Моңғолияның Баян Өлгей аймағында қазақ музыкалық драма театрында қойылған «Тұлбанор шайқасы» спектакліне музыка жазды.

Мәдениет қайраткерінің өзінің де ән, күйлері, күрделі увертюра, поэма жанрында жазылған төл туындылары көптеп саналады. Мырзабековтің «Қоңырқаз», «Көкейкесті», «Жігер» сияқты оркестрге арналған партитура, таңдамалы жинақтары жарық көрген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.