«7 тамыз» Заңының Әулиеата өңіріндегі қасіретті зардаптары

0 18

«7 тамыз» Заңының алғышарты ретінде  БК(б)П ОК Саяси Бюросының 1930 жылдың 30 қаңтарындағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы кулак шаруашылықтарын жою туралы іс-шараларында» қарастырылған мәселелерді айта аламыз. Ол бойынша жер бөліктерінің, ауыл шаруашылығы жайылымдарының, малдың, құрал-жабдықтардың, шаруашылық құрылыстарының қоғамдастырылуы ауыл шаруашылығын өркендетудің жалғыз дұрыс жолы ретінде қабылданды.

Дәл  осы  қаулыда  «…ұжымдық қозғалыстың дамуын тракторлар мен күрделі машиналардың жетіспеуіне байланысты тежеудің барлық әрекеттеріне қарсы қатаң күрестің қажеттілігі» айтылады. Тиісінше, тура Қазақстан бойынша концлагерлерге 5-6 мың адамның қамалып, 10-15 мың адамның жер аударылуы қарастырылды.  Бір мезетте осы арада Қазақстанның әртүрлі аймақтары  мен республиканың сыртына 20-25 мың кулактардың семьяларын жер аудару көрсетілді. Қазақстанда, елдің басқа да аудандарындағы сияқты, әкімшілік орталықтың нұсқаулары барынша ыждахаттылықпен орындалды-республикадан тыс аймақтарға 6765 адам жер аударылды, ал басқа аудандардан келгендердің саны 46091 отбасын немесе 180015адамды құрады.

Дегенмен, қарастырылып отырған мәселенің орындалуы  әсіресе көшпелі тұрмыстағы мал шаруашылығы аудандарында қиын болды.Мұнда отырықшылдану жаңа ғана өрістей бастаған 1929 жылға қарай 50 мыңнан сәл астам көшпелі қожалық орналастырылды, бұл олардың жалпы санының 7,5 пайызы  болатын. 1930 жылы тағы 84340 қожалықты отырықшылыққа көшіру көзделді. Ал, бұл ұжымдастырудың жоспарланған қарқыны үшін аздық етті. Голощекин мұны да, сондай-ақ патриархалдық-рулық қатынастар әлі жойылып болмаған ауыл, жалпы демократиялық өзгерістер кезеңін бастан кешпей тұрып егіншілікпен айналысатын кооперативтік шаруашылықтың жоғары формасы – колхоздарға бірден көше алмайтынын да түсінді.

Бірақ Голощекин Сталиннің дегенін мәймөңкелікпен орындаушы болды. Мұны аталған науқан кезіндегі келесі динамика да анық көрсеткендей.1930  жылы  отырықшылыққа 87136 шаруашылық көшсе, 1931-77508, 1932-77674, 1933-242208. Іс жүзінде отырықшылыққа көшу белгілі бір жерлер мен пункттерді таңдау мен,бұрыннан бар отырықшы қоныстардың  негізінде немесе  соның жанынан орын табу арқылы жүргізілді. Осы бастама бойынша КСРО-ның орталық аудандарынан жиырма бес  мыңшылдықтардан 1204 адам, Қазақстан қалаларынан 8 мың жұмысшы, олардың түсінігіндегі «еуропалық типтегі поселкелерге» қоныстандырылды — олардың  киіз үйлері дұрыс квадраттармен орналасып, орыс деревнясының кейпіне келтірілді.

Экономикалық мағынада шаруашылықтың жаңа формалары мен түрлерін іздестіру мынадай іс-шаралармен «тек мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ аудандарына дәндік дақылдарды, бақша өнімдерін егуді ендіру», бұл үшін осы аудандарды қажетті тұқымдармен, қарапайым ғана ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп, онда аздаған мелиоративтік жұмыстар жүргізілуі тиіс болатын.

Өкінішке орай, көшпелі өмірге лағнет айтқан большевиктер шаруашылық түрін, топырақ-климат жағдайын ескерместен отырықшы ауыл шаруашылығын қоғамның экономикалық ұйымдасуының жоғары сатысы деп түсінді. Қазақ даласының жағдайында қысқа мерзім ішінде мал шаруашылығымен айналысудың дәстүрлі әдістерін отырықшы шаруашылыққа ауыстыру әрекеті экономикалық ессіздік еді.  Әрине, осының салдарынан жедел қарқынмен құрылған мал  шаруашылығы  аудандарындағы   колхоздарда  мал  өсімі барынша төмендеп кеткені де шындық еді. Жеке қолдан қоғамдастырған түсініксіз ұйымға малдарын өткізгісі келмеген бақуат шаруалар, оларды сатып, сойып немесе туысқандарына уақытша үлестіріп ту-талапайын шығарды. Осындай аласапыранда, ауыл  тұрғындары  едәуір  бөлігінің   қалаларға немесе  бесжылдықтың  екпінді  құрылыстарына жанбағу үшін көшіп  кетуі  нәтижесінде, колхоздар жұмысшы  қолдарынсыз  қалды. Жан-жақты жүргізілген есептеулер зұлмат жылдарындағы аштық пен оның ауыр салдары- іш сүзегі эпидемиясынан опат болғандардың саны 1млн. 750мың адамға жеткендігін көрсетеді, бұл республикадағы барлық қазақ халқының 42%-ы болатын .

Әрине, осылай қазақ даласына келген ашаршылықтың жантүршігерлік көрінісін Голощекин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы біліп, одан толық хабардар болып отырды. Әйтсе де, өзінің қандықол саясатын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Осылай, бес жыл ішінде,1929 жылдан 1933 жылдарға дейінгі аралықта Қаз.АКСР-інің БМСБ ТУ (Бірлескен Мемлекеттік саяси басқармасының Толықөкілетті Уәкілдігі) үштіктері 9085 істі қарап, 29333 адамдарға қатысты шешімдер қабылдады,олардың ішінде ең жоғарғы жазаға 3386-ы ілігіп,  концлагерлерде  3- жылдан – 10  жылға  дейінгі  мерзімге  13151  адам  қамалды.  

Ал, 1932 жылдың 7 тамызындағы «Мемлекеттік кәсіпорындарды, колхоздарды және кооперацияларды қорғау және қоғамдық (социалистік)меншікті нығайту туралы» заң бойынша 33345 адам сотталып кеткен еді.Халық арасында «үш түйір дән» туралы заң ретінде қалыптасып кеткен құжаттың шығу себебінің аш халықты көз алдындағы аздаған нәпәқадан айыруға негізделгені анық болатын.  

Голощекиннің Қазақстаннан кері қайтуы да осы Заңға қатысты оқиғамен орайлас келіп, Торғай және Шу аудандары бойынша «көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына берілетін мемлекеттік азық-түлік жәрдемі мен тұқым ссудасын жаппай ұрлық пен талан-таражға салғаны үшін, сондай-ақ колхоз малы мен астығын ұрлағаны үшін «7 тамыз» Заңымен (ішінде ауком хатшылары, ауатком төрағасы, колхоз председателі, қойма меңгерушісі бар) он шақты адамның төртеуін ату жазасына, қалғанын он жылдан бас бостандығынан айыруға кескен үкімді республика Жоғарғы соты бекіткен еді.

Дегенмен, Голощекиннің Алматыдан аттанып бара жатқаны тұрғысында газеттер астанадағы бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерде өткен жалпы партия жиналыстарының шешімдері Ф.И.Голощекин жолдастың атына келіп түскендігін, онда жұмысшылар Филипп Исаевичтің « өлкені социалистік тұрғыдан қайта құруда ірі табыстарға қол жеткізген қажырлы еңбегін атай отырып, сүйікті лениншіл- большевикпен қимастықпен қоштасып жатқанын» жазды. Әрине,социалистік эксперименттер зобалаңы қасіретке душар еткен, әбден күйзелулі елді оңалту жолына бағыттау туралы ой қозғау үшін жаңа директивалар қажет болатын. Ал, ұжымдастыру  барысында  жіберілген  тактикалық  қателіктер  солшыл  немесе  оңшыл  бағыттағылардың  «асыра  сілтеуі»  ретінде  түсіндірілді.  

Осындай асыра сілтеушіліктің құрбандарының бірі болған, азамат Бекболатов Хамиттің 1932 жылдың «7 тамыз»  Заңы бойынша айыптау ісімен таныса отырып, мынаны анықтадық:  Бекболатов Хамит 1909 жылы Пішкек қаласында кедей отбасында дүниеге келген. Партияда жоқ. Сотталғанға дейін Ақыртөбедегі интернатта шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып істеген. (10/ІХ-20/ХІ 1934ж). Бұрын сотталмаған. Тек 19/ХІ 1934 жылы ауаткомдағы мәжілісте интернаттағы жағдайды толық тексеріп шығу туралы қаулысынан кейін, өзіндегі жетпеушілікті (растрата)  анықтайтын болды деген қауіппен 20/ХІ -34 күні ешкімге айтпай Ташкент қаласына қашып кеткен.

Осы орайда, интернаттағы тәрбиеленушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған қордың жымқырылуына байланысты осы интернаттың директоры Дувановқа, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаиновқа да қарсы қылмыстық іс қозғалғандығын айта кету керек. Олардың біріге отырып, 177 кг вермишельді, 200 кг макаронды, 75 кг қантты, 280 кг сары май мен 40 кг өсімдік майын  «жеп» қойғандығын, сонымен қатар сойылған 2 сиыр етінің  ізім – қайым жоғалғандығын, азамат Бекболатовтың РайФо – дан алған 900 сомға сатып алған 13 шошқасының еті де балаларға бұйырмағанын, мұның үстіне 728 метр көйлек – көншектік матаның да тәрбиеленушілердің көзінен бұл – бұл ұшқанын тәптіштеп хаттамалаған Әулиеата ауданының халық тергеушісі Сычев өзінің қаулысында : Дуванов пен Хусаиновтың қашып кетуіне байланысты іздеу салынып, оларға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын, ал Бекболатовтың ісінің сотқа жіберілгендігін айтады. Аудандық прокурор Сенников санкция берген бұл қылмыстық істің сотқа дейінгі кезеңін саралай отырып, мынадай жағдайларға мән беруге болады.

Біріншіден, интернатта істеген 1,5 ай шамасында Бекболатовтың жоғарыда көрсетілген «ішіп – жеуге» қатыстылығы шамалы екендігі даусыз.  Дегенмен, айыптау қорытындысы бойынша оған 5100 сомды талан – таражға салғандығы мойнына қойылып ісі жеке – дара сотқа өтеді. Екіншіден, сенім хат арқылы аудандық қаржы бөлімінен алған 900 сомды интернаттың шаруашылық меңгерушісі әрине бастығы Дувановқа апарып береді. Үшіншіден, қазына бөлген ақшаға сатып алынған 13 шошқаның қызығын мұсылман емес директор мен оның жақындарының көруі әбден ықтимал. 728 метр кездеменің де  Хамитке пұшпағы ғана тиген шығар –ау. Тек, сойылған екі сиырдан бір – екі асым ет алып, қызметтестерімен бірге арақ ішіп (егер ішсе) қуырдағынан ауыз тиюі мүмкін.        

Бұл орайда мән берерлік тағы бір жәйт, тергеушілердің Бекболатов Ташкентте бой тасалаған тұрақты дәл басып табуы. Осындайда, «қашып кеткен» Дуванов пен Хусаинов өздері алыс кетпей Ташкентте қалып, босбелбеу Бекболатовтың құқық қорғау органдарына ұсталуын әдейі ұйымдастырды ма деп те ойлайсың. Қорытындысында, 1935 жылдың 29 тамызындағы Әулиеата ауданы 8-ші бөлімшесінің халық соты Аверкиевтің төрағалығымен өткен сот мәжілісінде, интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп, шошқаларды сатып мұрттарын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов (сірә еврей мен сарт болар) аман қалып, Бекболатовқа 10 жыл бас бостандығынан айыру және мал – мүлкін түгелдей кәмпескелеу туралы үкім шығарылады.

Дәл осындай үкімді аталған Әулиеата ауданы 8-ші бөлімшесінің халық соты Гриневич Михаил Владимировичке де қатысты шығарған еді. Әйтсе де 1934 жылдың 21 қаңтары мен 26 шілдесі аралығында қала маңындағы кеңшарда (совхозда) қоймашы болып істеген Гриневичтің қолдаушылары көп болып шықты. Палюкович деген жанашыры Гриневичті тамыздың 11 күні – ақ кепілдікке босатып алады. Сот болған 1934 жылдың 19 қыркүйегінен кейін бәрі бірігіп облыстық сотқа кассациялық өтініш түсіреді. Оның ұзын –ырғасы мынау: Гриневич ешқандай қылмысқа бармаған. Оның айтуы бойынша 6 ай жұмыс істегенде оған ешқандай жалақы төленбеген. Сондықтан да, отбасын асырау үшін ол 8 пұт астық алып, қаладағы анасына біраз астық апарып берген, 2 пұт астықты арбакешке берсе, дәл осындай астық жолда жоғалған. 9 кг шошқа еті, 17 кг ұн, 4 кг пісірілген нан да осындай тізімге кірген. Осылай, өзінің «жегендерін» тізімге салып, есептеген Гриневич өз кезегінде кеншарды өзіне қарыз етіп қояды. Ең қызығы (бұл жерде кеңестік «халық сотының» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге құлқы бөлек сияқты) осы өтінішті қараған ОҚ облыстық сотының 1 –ші сот алқасы 1934 жылдың 24 желтоқсанындағы үкімімен (төрағасы Мұхамеджанов мүшелері  Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін төмендетеді.    

Құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932-ші жылғы«7 тамыз» Заңы  бойынша сотталған: Ысқақов Оспан, Көшеров Дәулет, Байбеков Аязбек, Мырзақұлова Алуа, Саймұратов, Сивашов, Тілегенов, Тихонов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдаулетов, Терновой, Дәрменқұлов, Хасенова Салима және басқалары туралы мәліметтер де бар.

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати  атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры, Тапаева Альбина – Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық жұмыс тобының мүшелері

Leave A Reply

Your email address will not be published.