ЕРБОЛ СЕЙІЛХАН: НЬЮ-ЙОРК САПАРЫНАН КӨП НӘРСЕНІ ТҮЙДІМ

0 23

КТК арнасы Астана бюросының директоры, тілші Ербол Сейілхан жақында мемлекет басшысының АҚШ-тағы ресми сапарынан тікелей эфирден репортаж жүргізген болатын. Ербол сол сапардан журналист ретінде алған әсерін айтып берді.

Дайындық туралы Халықаралық деңгейде хабар таратудан тәжірибе жинақтап жатқан жайым бар. Бұған дейін де Елбасының ресми сапарларында бірқатар елдерге шыққанмын. Атап айтқанда: Беларусь, Ресей, Қытай, Франция. Бұл – үлкен мектеп. Кез келген елге барардан бұрын сол ел туралы ақпарат, ішкі тәртіптері мен заңдарымен танысамыз, сұраймыз, пікір алысамыз.

Мәлімет мейілінше көп болғаны дұрыс. Өйткені қызметімізді атқарып болғаннан кейін қаланы көргің келеді, жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысқың келеді. Біз, журналистер үшін орналасатын қонақ үйдегі интернеттің күші қандай, соған да зерттеу жүргіземіз. Өйткені ақпарат таратуға бес қаруымыз сақадай-сай болу үшін жан-жақты дайындаламыз.

Мысалы, Американың тоқ тарататын электр жүйесі тоқты үнемдеу мақсатта біздікінен басқаша. Сондықтан өзіміздің арнайы жалғастырғыш тетігімізді алып барып, содан қуат көзін алып отырдық.

Өзге климатқа бейімделу

Негізінде мен кез келген климатқа тез бейімделемін. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін аралаған журналистке әр елдің климаты таңсық болмайтын сияқты. Мен барған елдердің ауасы да, суы да өзіме жағады.

Бұл жолы АҚШ-тың сағат белдеуі ерекше болды, яғни АҚШ пен Қазақстанның уақыт айырмашылығы 11 сағат. Бұл, әрине, әсер етеді. Тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. Мәселен, Нью-Йоркте түскі сағат 12 болса, Астанада түнгі сағат бір немесе екі. Күні бойы түсірілімде жүріп, түнде Астананың уақытымен жұмыс істедік. Нью-Йорктің уақыты ол кезде түн, бізде – түс. КТК-ның күндізгі жаңалықтары бар, сондықтан Нью-Йорк уақытымен таңғы төртте, Алматыда күндігі үште эфирге шықтық. Қонақ үйде таңға жуық дерек беру құрылғыларымызбен жүгіріп жүргенде сондағы адамдарды таңырқатқан болармыз.

Көп нәрсені түйдім

Журналистік тәжірибе деген өмір бойы толыға беретін дүние. Тілші ретінде Нью-Йорк сапарынан көп нәрсені түйдім. Әр іс-сапардан сабақ аламын. Қате тұстарымды байқадым. Басқа елден келген әріптестерімнің қалай жұмыс істейтінін көрдім. Әлем мойындаған журналистердің еңбектерін көріп, сараптап, өзіндік түсінігімді толықтырдым. Қоғамдағы, дүние жүзіндегі түрлі мән-жайларды санамда жылдам сараптауға тырыстым. Бетбұрыстарды қоғамдық көзқараспен ұштастыра білуге ұмтылдым. Көргенімді, естігенімді сараптап, жан-жақты сипаттама беруді үйрендім.

Нью-Йорк туралы

Жүздеген ұлттың, ұлыстың мекендеген ортасы. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Ұлтқа, жынысына қарай бөлушілік жоқ. Әлемнің ең ірі қалаларының бірі – Нью-Йорк халқы таң атпай жетіде тұрып, қолына кофесін ұстап жұмысына аттанады. Қым-қуат тіршілік.

Сол жақтағы қандастарымызбен, студенттермен сөйлескенде олар қаланың қымбат, бірақ жайлы  екенін айтады. Қарапайым халық үшін жасалған қала ма дерсің.

Көшеде ешқандай көлік кептелісін көрмедім. Көшелерінің ені тар болғанымен, көлік жүргізушілері мәдениетті. Жолдағы бағдаршам қызыл жанып тұрса да шыдамдылық танытып, жүргіншілерді өткізіп жібереді. Айқай-шу, талас-тартыс көрген жоқпын.

Қаланың дамуында үлкен бір динамика бар, күн сайын өсіп жатқан қала секілді. Біз тұрған ауданда 25 қабатты ондаған зәулім үй тұр. Қала таза, қоқыстарын үлгергенше тазалап жатты.

Қызмет көрсетуі өте тамаша екен. Біз тоқтаған қонақ үйде мәтінімді принтерден басып шығару керек болды. Ағылшын тілін білсем де, жетік сөйлемегендіктен ресепшнда тұрған қызметкерге өтініш жасадым. Менің Қазақстаннан екенімді білген соң аудармасын ашып, өзінің ағылшын тіліндегі сөздерін маған тікелей қазақшаға аударып берді. Және алдында тұрған компьютерін ұсынды. Бұл – құрмет.

Қазақстан туралы біледі!

Бір дүкенге кіргенімізде сатушы араб елінің азаматы екен. Саудамызды жасадық, чегімізді берді. Қазақстаннан келгенімізді айтып едік, ол бірден таныды. Танып қана қойған жоқ, жаңа ғана сатып алған газетін бізге көрсетіп: «Міне, сендердің президенттерің Назарбаев пен Трамп» деп, күнделікті шығатын газеттің айқара бетін көрсетті. Қарасақ, шынымен де Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі жайлы жазылыпты. Менің таң қалғаным, жұрт әлі де газет оқиды екен. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Елдегі барлық саяси жаңалықтарды қалт жібермейді.

КТК арнасында ысылып келем

Мен КТК арнасының шәкіртімін. Арнада тілшілікке жан-тәніңмен беріліп, ерекше қарқынмен жұмыс істеу міндеттеледі. Біліміңді күн сайын жетілдіріп, әр минут сайын өзгеріп отыратын әлем жаңалықтарын қадағалап отыру керек. Арнаның маған сеніп тапсырған іс-сапары менің бағалайтын құндылықтарым – еңбексүйгіштік пен патриоттық сезімді жетілдіріп келеді. Бұл нағыз журналистке керекті қасиеттерді бойыңа сіңдіруге септігін тигізері анық.

Дереккөз:КТК.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.