«Қазақ аруы 2018» Ұлттық байқауында жеңіске жеткен моңғолиялық Жұлдыз Қуаш кім?

0 28

«Қазақ аруы 2018» Ұлттық байқауында «Үздік көйлек» номинациясын Моңғолияның астанасы Улаанбаатар қаласынан келген қазақ қызы Жұлдыз Қуаш жеңіп алды. Ол сахнаға белгілі қазақстандық дизайнер Наиль Байкучуков тіккен көйлекті киіп шықты. «Үздік көйлек» номинациясының дипломын табыстаған әнші Бүркіттің айтуынша, көйлектің құны 1 млн теңге шамасында екен. Сәнді көйлек Жұлдыз Қуашқа сыйлық ретінде естелікке берілді. Биыл халықаралық деңгейде өткен байқаудың ақтық сынына барлығы 22 қазақ аруы қатысты. Олардың қатарында Түркия, Ресей, Қырғызстан, Моңғолияда тұратын этникалық қазақ қыздары да болды. 15 ақпанда Улаанбаатарда өткен іріктеу сынынан ақтық сынға екі қазақ қызы, атап айтқанда Ардагүл Қабыл мен Жұлдыз Қуаш өтті. Іріктеу сынында екінші орынмен ақтық сынға жолдама алған Жұлдыз Қуаштың есімі Қазақстан жұртына бұған дейін де танылған. Ол жыл басында Моңғолияның Ұлттық телеарнасынан көрсетіле бастаған «Көктем» сериалында басты рөлді сомдады. Сериалдың 8 саундтрегінің бірін өзі орындады. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі «Қазақ аруы 2018» байқауының Алматыда өтетін ақтық сынына қатысуға келген Жұлдыз Қуашпен байқау өтер алдын сұхбаттасты.

— Туған жеріңіз және отбасыңыз туралы айтып беріңізші…

— Мен 1996 жылы Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласында зиялылар отбасында дүниеге келдім. Әкем Нығмет Қуаш құрылыс инженері болған. Анам Айнагүл Сарай – заңгер. Бүгінде Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің «Арулар» одағын басқарады. Одақ жанынан шығатын «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы. Екі ағам бар.

— Қай мамандықта оқыдыңыз?

— Улаанбаатарда орта мектеп бітіріп, Моңғолдың Ұлттық университетінің Шетел тілдері факультетіне оқуға түстім. Испан, корей және ағылшын тілдері мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары мектепте оқып жүргенде Оңтүстік Кореяның Ионсей университетінде оқып, корей тілін жетілдірдім.

— Өнер әлеміне қалай келдіңіз?

— Өнер жолын бастауыш сыныптан бастадым. Сол кезден бастап жастар мен оқушылардың мәдени орталығында би билеу, ән айту, гитара, пианинода ойнау, өзіңді қалай алып жүру, спектакльде рөл сомау үйірмелеріне қатыстым. «Монғол костюмс» агенттігінде сән көрсету байқауына қатысып, марапатталдым. Орта мектепті тауысатын жылы 25-телеарнадан жүрілген «Makend ben» шоуына қатысып, алдыңғы орын иелендім.

— Қыздардан құрылған рок тобын басқаратыныңызды естідік. Топ қашан құрылды? Құрамында кімдер бар? Қазір де топта ән айтасыз ба?

— Жоғарыдағы аталған шоуда алдыңғы орын иеленген бес қыздың басын қосып, Моңғолияға еңбек сіңірген белгілі әнші, композитор, продюссер Ц.Чулуунбат бізді басқарып «Anemone» атты группа құрды. Маған сол топты басқарып жүруді тапсырды. Жеке ән жинағымызды шығардық. Репертуарымызда 7 ән бар. Бұл группада 2011-2013 жылдары ән айттық. Ол 5 қыз өз-өзінің жолымен кетті. Бір әншіміз Жапонияға, мен Кореяға кеттім. Соңғы екі жылда топтың бұрынғы әншісі Жанна екеуіміз бірге «JJ» деп аталатын топ құрып, жеке шығармашылығымызды бастадық. Өткен жылдан бері екі ән жазып, бейнебаян түсірдік.

— Киноға түсуді қашан бастадыңыз? Алдын басқалай роликтерге түстіңіз бе?

— Өткен жылы екі фильмде ойнадым. Бұрыннан көптеген роликтерге түсіп келемін. Тілдер курсы, мобильді телефондар, сусын, бренд киімдер, шоколад және тағы басқа жарнамалық роликтерде үнемі ойнаймын.

— Алғашқы түскен фильміңіз қандай?

— Алғаш 2015 жылы «Сайн уу амьдрал минь» («Сәлем өмірім») атты қысқаметражды кинода көмекші рөлде ойнадым. Ал мына «Хавар» («Көктем») сериалына былтыр шақырылдым. Сондай-ақ, жаңажылдық «Ёлка» атты фильмде басты рөлдегі Айдана есімді қазақ қызын сомдадым.

— Сіз туралы қазақстандықтар «Хавар» сериалында басты рөлді ойнағаныңыздан танып-білді. Бұл қандай сериал?

— Өткен жылы Моңғолияның Ұлттық телерадиосының құрылғанына 50 жыл толды. Соған осы телеарнаның тапсырысымен белгілі режиссерлердің және танымал актерлердің қатысуымен «Хавар», яғни қазақ тілінде «Көктем» атты сериалы түсірілді. 19 сериядан тұратын фильмде маған басты рөл берілді. Кәсіби мамандығым актриса емес болса да мықты актерлермен ойнау маған үлкен тәжірибе болды. Олардан көп нәрсе үйрендім. Алдын жарнама роликтеріне түскенімнің де пайдасы тиді.

— Моңғолияда киноиндустрия қалай дамыған? Қазақстанмен салыстыра айтып берсеңіз…

— Елімізде киноиндустрия жақсы дамып келе жатыр. Жылында 10-нан астам фильм шығады. Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Өйткені, біздің елімізде 3 миллион адам тұрса, Қазақстандағы халық саны 6-7 есе көп.

— Қазақстанға біржола келгіңіз келе ме? Осында киноға түсіп дегендей…

— Қазақстанға келіп, оқу ойымда бар. Күзде келіп, осында оқып, білім жалғастырсам деген жоспарым бар. Киноға шақыру келсе, әрине ойланып көреміз ғой.

— Бұған дейін Қазақстанда болған ба едіңіз.

— Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Алғашқы сапарымның «Қазақ аруы» Ұлттық байқауымен байланысты болғаны мені қуантты. Алматы маған қатты ұнады. Өте әсем қала екен.

— Улаанбаатарда «Қазақ аруы» байқауының іріктеу сыны қалай өтті?

— Улаанбаатарда өткен Қазақ аруы байқауына қатысып, бағымды сынап көрейін дедім. Басқа елдермен салыстырғанда іріктеу сыны бізде жақсы өтіпті. Мен тіл байлығымнан болып екінші орын болдым.

— Алда түсетін фильм, сериалдарыңыз бар ма?

— Киноға шақыртулар келіп жатса, сюжеті ұнаса, ұсынысты қабылдаймын.

— Келешекте осы кино, музыка саласында қаласыз ба? Әлде негізгі мамандығыңыз бойынша қызмет етесіз бе?

— Өнердегі жолымды жалғастырып, осы салада кәсіби білім алу жоспарым бар.

— Әңгімеңізге рахмет

Дереккөз: Бақ. kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.