Қазақстандықтар жыл сайын тегін медициналық тексеруден өте алады

0 1

Міндетті медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов қазақстандықтарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында тегін тексеруден өтуге шақырды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бізде ең қарапайым денсаулықты күту деген әдет жоқ. Дәл осындай әдет бізге жетіспейді. Денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіштеріне сүйенсек, науқастардың көпшілігі ауру меңдеп, әбден шегіне жеткенде ғана дәрігерге хабарласады. Өткен жылы еліміздегі ауруханаларға шамамен 3 миллион адам жатқызылса, оның 70 проценті ауыр жағдайда жеткізілген», — деді Серік Тәңірбергенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, қор басшысы жыл сайын бақиға аттанатындардың жартысына жуығы еңбекке қабілетті тұрғындар екенін баса айтты.

«Бізде жыл сайын 90 мыңға жуық адам көз жұмады. Оның 40 мыңы еңбекке қабілетті жаста бақилық болады. Олар көп жағдайда жүрек-қантамыр ауруларынан немесе қатерлі ісіктен көз жұмады. Сондықтан, аурудың алдын алу өте маңызды», — деп өз сөзін толықтырды ол.

Сонымен бірге, С. Тәңірбергенов сау адамдардың да жыл сайын тегін тексеруден өте алатынын еске салды.

«Мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында артериялық қысымды өлшеу, электрокардиография,  липидтер мен холестеринге қан сараптамасы секілді  тексерулерден өтуге болады. Мұның барлығы ауруды дер кезінде анықтауға және кенеттен келетін өлімді алдын алуға мүмкіндік береді», — деп өз сөзін түйіндеді С. Тәңірбергенов.

Айта кетейік, 7 сәуір күні Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні аталып өтеді. Бұл күні еліміздің барлық медициналық ұйымдарында ашық есік күні ұйымдастырылады және кез келген ниет білдіруші тегін тексеруден өтіп, арнайы мамандардан консультациялық көмек ала алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.