Қазақстанда 13 мыңнан астам медицина қызметкері «Спутник V» вакцинасын салдырды – А.Цой

0 1

Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасуда. 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкері екпе алды, бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпаннан Қазақстан Республикасында Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация барлық өңірде жүруде, 778 егу пункті ашылды, олардың 166-сы қазір іске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

«Бүгінгі күні 13 301 адам егілді. Вакцинацияны бірінші болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлеріалады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады», -деді А.Цой.

Вакцинацияның қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, екпені араға 21 күн салып қайталау ұсынылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішінде организмде иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егілген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.

«Вакцинациялау жоспары бірнеше рет айтылды. Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн. дозаға жетеді»,- деді министр.

Оның айтуынша, 65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты көптеген сұрақ келуде. Министрлік созылмалы ауру, аллергиялық реакция, басқа да қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, осы санатты вакцинациялау жоспарына енгізу мәселесін қарастырады.

А.Цой вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзаттарды шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты. Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегені байқалды. Қазіргі уақытта полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмытылады.

«Сондай-ақ, халық арасында коронавирус инфекциясымен ауырып тұрған дұрыс деген пікір бар, бірақ оның иммундық жүйеге және созылмалы аурулардың өршуіне әсер ететін, «ковидтан кейін» асқынулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмірлік маңызды ағзалардың функциясы бұзылатынын еске салғым келеді. Қалпына келу процесі өте қиын»,- деді А.Цой.

Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, вакцинация әлемде аурулардың таралуының алдын алудың барынша тиімді құралдарының бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.