Әбітай төсекте сұлық жатады. Бұл бір тыншыған кезі. Әйтпесе ояу болса, екі жағынан екі кісі қолын басып отырады. Босанса тұра қашады. Ондай жағдайда жолында не тұрса да қаймықпайды, соғып өтеді. Бірде жанында отырған әйелдердің шамасы келмей қалып, тұра қашып, ұста дүкенінің алдында жатқан, арбаның шенін тартатын диірмен тасты сүзіп жатқанда ұстап алдық. Ол кезде кіресілі-шығасылы есі бар болатын. Есі бір кіріп кеткенде, мені құшақтап «Балбақ, мен қор болдым-ау», — деп жылап жібергенде сай-сүйегім сырқырады. He дейін, «Әлі-ақ жазылып кетесің». — деп жұбатқан болдым.
Әйелдер демекші, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қырық төртінші жылдың қысында оның жанына отырғызатын еркек табылмайды. Күші күн асқан сайын тебіндеп-кернеп келе жатқан он алты жасар жас жігітке әйелдердің әлі жетуі қиын. Әйелдерді отырғызғандағы амалымыздың аяғы жоғарыдағы, екі әйелді екі сілкіп, қашып кетеді. Сондықтан көбіне тапсақ жанына адамның ең болмаса біреуін еркектерден отырғызамыз. Көбінесе жалынып-жалпайып соғыстан бір аяғы қара санынан кесіліп қайтқан Қарекеге, оң аяғынан жараланып шойнаңдап келген Әбітайдың өз жездесі Әбуге бақтырамыз. Шаруасы құрғыр қашан біткен. Кейде зәушайтан олар шығып кете қалса, Әбітайға әйелдердің шамасы жетпейді. Әлдері көздеріне жетеді, жылайды.
Орта мектепте де, бастауыш класта да бірге оқып жұбымыз жазылмай үнемі бірге жүретін маған Әбітай сыр мінез, ой-арманы, мінез-құлқы етене. Бірімізден біріміздің жасырын сырымыз болмайтын. Әке-шешесінен тоғыз ағайынды ол алты ұл, үш қыз еді. Сол алтаудың төртеуі соғысқа аттанған да, біреуінен қара қағаз келген. Екеуі із-түзсіз белгісіз кеткен, енді бірі Өскемен жағында бір заводта істейтін. Қалған екеуі — үлкен ағасы жасы армияға алудан асып кеткен, ал Әбітайдың жасы әлі жетпеген. Енді осы ер жеткенше соғыс бітсе екен деп тілейтін үлкен ағасы.
Соғыстың жеңіс беті бері, жау беті әрі қараған қырық төртінші жылдың қысы еді, бұл.
Алғаш Әбітай өңі сарғайып, бірнеше күн ұйқысынан айрылып жүрді де, артынан әркіл-тәркіл, ілгерінді-кейінді сөйлейтінді шығарды. Мінезі ауыр делінетін ол көп нәрсені-ақ көтеріп, үндемей кете баратын, енді міне, айқайлап, тарсылдап билеп, өлең айтқан болып, ұйқысырап, бастығырылған адамның дауысындай тарғыл-тарғыл үн шығарады. Қолымен біреуді қойып қалу, енді біреуді түйіп кету күн асқан сайын үдей түсті. Сондықтан да оны үш-төрт айдай кіші жеңгесі Жәнан Алматыдағы, осы Алатау өңіріндегі мен тәуірмін деген дәрігердің біріне көрсетіп, ешнәрсенің емі қонбай қайтып еді. Ендігі бар қайран оны жындыханаға салу десіпті дәрігерлер.
Содан бері міне, осылай үйде жатады. Қазір естен біржола айрылды. Босана қалса жұртты шу-шұрқан қылады. Түймебай тәуіп жазбаса оны ешкім жазбайды, бұл иелі ауру десіп жұрт шуласып жүрді. Бір күні ат жіберіп, сол тәуіпті де алдырды. Бұл тәуіпті мен көктемге салым бір көргенім бар еді.
Тәуіп сол кезде сексенге келіп қалған, ұзын бойлы, кәріліктен жауырыны сәл өңкіш тартқан, қапсағай, ұзын ақсақалды кісі болатын. Ол біздің көршіміз Әнәфия деген кемпірдің туған ағасы екен. Түймебай тәуіп грамафон пластинкасында дауысы жазылған, онда «Жаңа тұрмыс» деген өз әнін айтатын Сәдібек Мүсірепов деген ақын екеуі көптен көріспеген қарындасына келіп, екі-үш күн жатып кеткен.
Олар отырған үйге жастардың талайы-ақ барған. Өйткені Әнафия кемпірдің бауыры не керек, біз Сәдібек ақынды көруге барып жүрміз. Сәдібек ақын Жетісу өңіріне әбден өмірінің бәрін жұлдыз санап өткізді дейтін Мүсіреп есепшінің баласы. Жасымыздан Сәдібектің өзін де, оның аты аңызға айналған әкесін де жақсы білетін болғандықтан, бұл ақын жанында қандай бір беделді адам болса да бізге одан өтімді болмас еді. Сондықтан да болу керек, ешкім «ауылға Түймебай тәуіп келіп кетті» деген жоқ, «Сәдібек ақын келіп, қонақ болып аттанды» десетін.
Тіпті оның өрік ағашынан шапқан бояусыз, сырсыз қып-қызыл болып тұратын домбырасы да есте қалды. Әбітай ол кезде де ауру еді, бірақ үлкен ағасы колхоз председателі Байжұма «осы заманғы оқыған дәрігерлер тұрғанда тәуіп неге керек» деп, оны қаратудан бас тартты. Енді міне, Қаскелең ауданының Әйтей ауылында тұратын тәуіпті ақыры алдырды.
Түймебай тәуіп! Шыны керек, бірге өскен, бірге оқыған досымның әркім мазасын алғанын ұнатқаным жоқ. Мен де тәуіп атаулыны жек керетінмін. Оның бір себебі бар-ды. Осының алдында ғана Әбділ деген бақсыны алдырып, соны Әбітайға ойнатты. Қаба қарасақалды, бір бейнесі қазақтан гөрі ұйғырларға ұқсас, ұзын бойлы, қоңқақ мұрынды Әбділді қырқыншы жылдың көктемінен білетінмін.
Жетімнің жүрмеген жері бар ма? Әркімнің босағасында жатып оқыдым. Қырқыншы жылдың көктемінде Ұзынағашта тұратын Аманбай деген бір тұстаныстың үйінде тұрдым. Соның бала тумайтын Құрыш дейтін әйеліне осы Әбділді әкелген. Әйелді оның қарсы алдына отырғызып қояды. Сонан соң ол қолындағы қысқа, тоғыз пернелі қоңыр домбырасын дыңғырлата бастайды. Сол дыңғырлақ он шақты күнге созылды. Дыңғырдан бала шықпады. Сол әйел өмірі пұшпағы қанамаған қалпымен қалған. Соны көрген мен Әбділдің келуіне қарсы болдым. Әбітайдың ағасы да дәрігерлерден еш жәрдем болмаған соң, біреуінен болмаса біреуінен сәті түсе ме деді ме, енді бақсы-балгердің зікір салуына, жорым жасауына қарсы болмады. Сонан соң Әбділ әкелінді.
Ол баяғы қырқыншы жылғы дыңғырына салды. Сұлық жатқан Әбітай бір кезде басын тез көтеріп отырды да, бақсының қолындағы домбыраны жұлып алып, мойнынан ұстап есікке бір-ақ ұрды. Сонан соң Әбділді бір қойып қалып, далаға ата жөнелді. Бір-екі бала оны қуып кетті. Домбыра шанағы бір бөлек, мойны бір бөлек, босағада жайрап жатты. Әбділ бақсы сүмірейіп орнынан тұрды да, мойыны салбырап кете барды. Тұп-тура жынынан айырылған бақсы деген осы болды. Мен Түймебай тәуібі де нақ осы секілді біреу болар деп жүрдім.
Түймебай тәуіптің қарындасы Әнафия көктемде ағасы келіп кеткеннен бері науқастанып жатқан. Кемпірдің ауруы қызық, кейде «қос қожам-ау, қос қожам» деп айғайлап есінен адасып жатады. Біз көрші тұратынбыз. Бір күні келінін жіберіп мені шақыртыпты. Мен де онда талдырмаштау бала жігітпін. Барсам, кемпір етпетінен жатыр. Басын көтеріп, үлкен ақ кездемені алып белін буды. Қамшыны алып, сабымен өрімін қосып ұстады да, беліне буылған белбеуден қыр арқасынан өткізді. Сонан соң қайтадан етпетінен сұлап жатты.
— Енді мына келін екеуің жабылып қамшыны бұраңдар, — деп бұйырды. Біз әліміз келгенше белбеуден еткен қамшыны екі басынан екеуміз ұстап бұрап жатырмыз. Кәдімгі жүк артқан түйеге салған бұраудай. Кемпірдің өзі де еті жоқ адам, белі бір-ақ уыс болып қалды. Бұдан әрі енді бұрауға жүрексіндім.
— Бұрай бер, қатты бұраңдар, тағы, тағы, — дейді ол. Мен тіпті кемпірді өлтіріп алармыз деп қорықтым. Қолымыздан келгенше бұрап тастадық. Кемпір әлі де риза емес:
— Қап, осындайда әлгі Нұрсейіт қатты бұрап тастаушы еді, — дейді. Онысы — соғысқа кеткен үлкен ұлы. Біз тағалаған аттың ерніне салған шұрадай қанша қатты бұрап тастағанмен, кемпірдің ауырып жатқаны жатқан. Күнді күнге, түнді түнге ұрып, көз ілмей, ұйқы бетін көрмей, күңіреніп жатады. Жанымыз қатты ашиды. Бірақ дәрігер емеспіз, не амал бар?!
Түймебай тәуіп келіп, қарындасының үйіне түсті деген сөз шағын ауылға тез тарады. Көрші үйіне мен жұрттан бұрын жеттім. О тоба, өз көзіме өзім сенбей қалдым. Таңертең өлі мен тірінің арасында, о дүниеге барып-келіп жатыр деп жүрген Әнафия шешей түк болмағандай ағасымен жайбарақат сөйлесіп отыр. Тіпті шай қоюға қамданып, шаруа жайлауға кіріспек. Шыны керек, өз басым кемпір нақ «ол тәуіп келіп түсе салысымен тұрып кетті» дегім келмеді. Ол ауруынан одан бұрын-ақ айыққан болар, ағасы келген соң басын көтерді дағы деп ойладым.
Тәуіп қарындасының үйінде көп отырмады. Арнайы шақырған үйге бармақ болды.
— Мен ертіп барайын, — дедім. Шал орнынан жігітше дік етіп, тез түрегелді. Түйе жүн шекпенін сонда қалдырды да, жұқа бешпентінің сыртынан кемер белдігін буынды. Қапсырмалы кемер белдікте кісе болғанын бұрын көрген емен. Күмісі жарқыраған кемер белдікте кісе де, қын да ілулі. Бір қараған кісіге орыс түстес болып көрінетін тәуіп өте зор адам екен. Қабағы тік, өсіп кеткен қастарының арасындағы ағы, желкілдеген аппақ сақалы, сапары салбыраған мұрты шалды өте айбынды көрсетеді. Әсіресе түксиген сойдақ қастары көзін шатынатып тұр. Қамшысын тастамай бүлдіргесінен қолына іле кетті. Далаға беттедік. Күн шайдай ашық. Маусым айының алғашқы аптасы. Сәске түс болып қалған.
— Ең қысқа жолмен тарт! — деді маған. Үй арасындағы бауды белінен баса, жүгеріні қақ жарып өтуге тура келді. Шал адымдап қатты жүрді. Қабағы қатулы, аяғын дік-дік басады. Маған ол әлденеге ашуланып келе жатқандай көрінді. Қамшысын беліне қыстыра салды.
Әбітай үйінің алды ығы-жығы адам. Жұмыс уақытында қайдан жиналғанын кім білсін, бәрі не болар екен деп келгені белгілі. ‘Шал есік алдындағы сәлемдескен адамның ешқайсысына тіл қатпады. Жылы қабақ бермеді. Сәлем алмады. Қайта адымдап қатты жүрді. Көзіне көзім бір түсіп кетіп еді, Түймебай тәуіптің бет-аузынан адам шошырлық, тіпті жаңағы жайдарылылықтың бірі жоқ, қой көздерінің шеті құрланып, жүзі сұрланып, қанын ішіне тартып алыпты. Маған ол далада тұрған адамдарды көрмегендей болды.
Әбітайдың екі ғана бөлмелі үйінің сырттан кірер есік күн шығыс жақта еді, ол шалқасынан ашық тұр. Әбітай түстігінде бір, шығысында бір терезесі бар түпкі үйдің төрінде жатыр. Түпкі үйдің есігі ашылғанда Қареке мен Әбу екі жағынан басып ұстап отырған Әбітай, олардан қолын босатпақ болып жұлқынып жатыр. Ауыз үйге өте қатты жігерлі, қатулы кірген тәуіп түпкі үйдің табалдырығын аттай бере:
— Ассалаумағалейкум! — деп қатты дабыстады. Аяқтары кем болғанымен қолдары сау, сол кезде әлі қырықтың ішіндегі екі жігітке бой бермей арпалысып, жан жалдап, жұдырық жұмсап жатқан Әбітай, шал дауысы шығысымен екі көзін тарс жұмып алып, қайта ашпай қойды. Тәуіп зіркілдеп, селкілдеп, палуанға түсетін жігітше, әлде бір көкпарға кіретін шабандозша қатуланып, адам бетіне қарай алмастай кейіпке еніпті. Екі жеңін сыбана беріп:
— Қолын жіберіңдер, өздерің былай кетіңдер, — деді тәуіп екеуіне. Аяқтары кем екі мүгедек бірі демалып, бірі тұра алмай шойнаңдап жатып, әйтеуір төрдің алдық босатты. Екі көзін жаңа шарта жұмғаннан қайта әлі ашпаған Әбітай төрде сұлық жатыр. Науқас жанына тізесін бүге берген тәуіп, түсі өзгеріп, айбарланып шаңқ етті:
— Ей!
Әбітай басын жастықтан жұлып алып, түсінен шошып оянған адамдай, әлде не болып қалды дегендей екі қолын артына тірей отырып, үріккен танаша екі жағына алақ-жұлақ қарады. Байқасам, жылтырап тұратын торы өңі қызарыңқы тартып, екі көзі қанталап, қарасынан жан шошырлықтай болып кетіпті. Тәуіп оң тізесімен тізерлей отырып, кез ілескенше оң қолының күректей алақанымен Әбітайдың сол жақ жағынан пәрмендеп тұрып тартып жіберді. Анау сескеніп қалғанда, сол қолымен оң жақ жағынан тағы періп жіберді.
— Бар, үйді үш айналып кел! — деді.
— Ойбай, ол қашып кетеді, — дедім мен қарап тұрмай.
— Қашпайды, үйдің иесі сүйеп барсын, — деді де, үйге топырлап кірген қатын-қалашты белінен қамшысын жұлып алып сабап-сабап жіберді. Қамшыдан сескенген жұрт дүрлігіп сыртқа қашты. Қолы біреуге жетті, біреуге жетпеді. Үйден адам кеткен кезде көзім тәуіптің жүзіне түсіп еді, бет-аузы кісі қарап болмайтындай әлем-тапырық екен. Төрге малдас құрып отырмақ болды. Аяқ-қолы тартылып қалғандай, тәуіп дірілдеп, кәдімгі төбелестен ыза болып шыққан адамдай қолы, тізесі қалтылдап, аяғын зорға бүгіп, малдасын құрды. Бір сәт ол тынши алмай, мазасы кетіп, әлдебір нәрсесі орнына келмей ашу-ызасы тарқамаған адамдай абыржыды. Өңі бір қуарып, бір қызарып барып зорға тыншығандай болды. Нақ сол бір сәтте сыртқа кеткен Әбітайдың жайын білуге ұмтылдым. Әбітайды жеңгесі Жәнан қолтығынан сүйеп, үйді үш айналдырып, кіргізіп келе жатты. Торы еттен ажыраған Әбітай мойыны қылқиып, не күлген емес, не жылаған емес, әйтеуір түрі өзгеріп, беті жылымшыланып, ыржиған болып, моп-момақан қалыпта босағаға сүйеніп, табалдырықты аттады.
— Үйде осы үйдің адамынан басқа ешкім қалмасын, — деп бұйырды Түймебай тәуіп. Жұрт тарқады. Онсыз да мұнда қалмақ емес еді. Өйткені күн жаз, шаруа жұмысының ең қауырт шағы еді, бұл. Тірі адам тіршілік қылмай тұра ма, әркім жөніне кетті. Солардың арасында мен де жөнелдім.
Сол күн маған батпастай ұзақ болды. Күн үлкен бесіннен ауып, екіндіге бастағанда аптап та қайтты. Мен де жұмысымды ыңғайлап болған соң, Әбітайдың үйіне бет түзедім. Келсем, үйдің көлеңкесіне үлкен текемет жайып, оның үстіне төрт қабаттап көрпе төсепті. Жастықта шынтақтап Түймебай тәуіп жатыр. Қасында оның бетіне қарап, мөлиіп Әбітай отыр. Тәуіп мен жақындаған соң басын жастықтан көтерді,отыр дегендей ишара білдірді. Менен бұрын не дегенін кім білсін, мен келген соң тәуіп Әбітайға қарап сез бастады:
— Ей, — дейді тәуіп Әбітайға қарай жұлқына ұмтыла, — сен жігітсің, мен шалмын, кел екеуміз күресеміз. — Осындай сәтте шалдың бет-пішіні өзгеріл, қабағы түксиіп, төбелесетін кісінің кейпіне кіреді. Жанында отырған Әбітайдың үстіне төне түседі. Тіл-аузын қойып мықия қалған ол тағы да бағана үйді айналғандай бет-жүзі жылымшыланып, ыржиған болып басын шайқайды. Түймебай тәуіп кірпінің тікенегіндей қадалып тұрған қасын, құйқа құлағын ары-бері қозғап, түксиіп, неше түрлі кейіпке түседі:
— Кел деймін, күресеміз, — деп тап-тап береді Әбітайға. Ол тағы да басын шайқайды. Мүсәпірленіп, төне түсіп отырған тәуіп бетіне қарай алмай, сорлы болған Әбітай бүгежектейді. Тағы да үнсіз-тілсіз басын шайқайды. — Әйтпесе тыныш отыр, таяқ жейсің, — ден тәуіп күшіне мінеді.
Ертеңіне де тәуіп қозғалмастан, Әбітай жанында отырды. Үшінші күні аттанбақ дегенді естіп, жетіп барды. Үйден шығып бара жатқанда Әбітайға бұрылмады. Үй иелеріне қарап:
— Қалаған тамағының бәрін бере беріңдер, он бес күннен кейін тілі шығады, — деді. Тәуіп аттанып кетті. Ол кете салысымен Әбітай қайта қозар ма екен деп бәріміздің пұстымыз қалмай жүр. Қайта-қайта оның жанына келіп қарап кетеміз. Мылқиып ол отырады…
Айтқандай-ақ, он күн болғанда тілі жаңа шыққан балаларға ұқсап жалғыз-жалғыз сөздерді айта бастады. Он екінші күні екі-үш сөздің де басын құрады. Он бес күнде кәдімгідей сөйледі. Бірақ, әлі есіне келіп болмағаны белгілі еді. Арада екі ай өткенде Әбітай баяғы қалпына келіп, ел қатарына қосылды.
Түймебай тәуіп қартайып, елуінші жылдардың аяғына таман қайтыс болыпты. Бір әттегенайы, жынданып ауырған адамды жазудың сырын шашпай, өзімен бірге о дүниеге ала кетті…
Авторы: Балғабек Қыдырбекұлы