«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Тараз қаласы, Жібек жолы ауданына қарасты «Барысхан» алқабында 170 түп тал егілді.
Табиғатты қорғау мəдениетін қалыптастыру, жасыл аймақтарды көбейту жəне ұрпақтар сабақтастығын дəріптеуді мақсат еткен шараға аудан əкімі Қарлығаш Аралбекова, «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары, «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері, қалалық мəслихат депутаттары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар белсене атсалысып, шаһарды көгалдандыруға зор үлес қосты.
Сонымен қатар осы күні шаһар аумағында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына шамамен 200-ге жуық адам жəне 13 арнайы техника жұмылдырылып, нəтижесінде 60 текше метр қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Жалпы, шаһарды көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың жоспарына сəйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, осы жылдың көктем айларында «Қызылабад» алқабына 10 мың түп ағаш отырғызылды. Енді күз айларында аталған алапқа тағы 10 мың түп ағаш кезең-кезеңімен егіліп жатыр.