Талас ауданында соңғы жылдары инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар қарқынды жүзеге асырылып, шағын және орта кәсіпкерлік өсіп келеді. Әлеуметтік нысандар жаңарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артты. Биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер аудан экономикасының тұрақты дамуын көрсетеді.
Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 29,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Өңдеу өнеркәсібінде 17,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,1 пайызға жетті. Электрмен, сумен жабдықтау және ауа баптау салаларында да оң нәтиже бар. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 28,2 миллиард теңгені құрап, 169,6 пайыздық өсім тіркелді. Бөлшек сауда айналымы 4,2 миллиард теңгені құрады, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 миллиард теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалды.
Ауданда биыл 19 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендерде жеке сектордағы құрылыс белсенді. Қазіргі таңда жалпы құны 31,2 миллиард теңге болатын төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. «Talas Investment Company» натрий цианиді өндірісін кеңейтіп, 2026 жылға дейін 300 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «KARATAU CHEMICALS» пиросульфат натрий зауытын салып, «Asia NST» мәрмәр өндіру жобасын іске қосуда, бұл жүздеген адамға жұмыс береді. Алдағы жылдары «IRON LTD Company» мен «КазМеталГрупп» сияқты кәсіпорындар жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканы серпінге бөлейді.
Ауыл шаруашылығында да оң көрсеткіштер бар. Биыл 16 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрады. Мал шаруашылығы басым, тірідей салмақта 8,9 мың тонна ет, 4,8 мың тонна сүт, 3 миллион жұмыртқа және 430 тонна жүн өндірілді. Жылқы мен түйе саны артты, ал инвестициялар 259,8 миллион теңгеге жетті. Диқандар 12,5 мың гектарға егін егіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолданды.
Құрылыс пен инфрақұрылымда да ілгерілеу бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 12 көшеге жөндеу жүргізіліп, мәдениет үйлері мен спорт нысандары жаңартылды. Қаратау қаласында үш көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, кезекте тұрған азаматтарға берілуде. Газбен қамту 73,9 пайызға жетіп, 2027 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Жылу және су желілері жаңартылып, жеке секторға инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Автожолдардың 587 шақырымының бір бөлігі жөнделді.
Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады. «Негізгі мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру», – дейді аудан әкімі.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.