Қазақстан Республикасының «2019 — 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2018 жылғы 30 қарашадағы Заңының 8 бабына сәйкес жалақының ең төмен мөлшерi 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 42 500 теңге болып белгіленді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған мәліметіне сәйкес облыс аумағында бүгінгі күні 1 837 кәсіпорында 16 534 жұмыскер 42,5 мың теңгеден төмен жалақы алатындығы белгілі болып отыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 24 бабы 2 тармағында әр жұмыскерге нендей бір кемсітусіз еңбегі үшін сыйақы алуға кепілдік берілген және 28 бабында мемлекет жалақының ең төмен мөлшерін белгілейтіндігі көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 103 бабында белгілі бір кезеңге айқындалған жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын немесе еңбек міндеттерін орындаған жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмауға тиіс екендігі көрсетілген.
Осыған орай, облыстың жұмыс берушілерінен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет белгілеген ең төменгі жалақыдан төмен болмауын, яғни 42,5 мың теңгеден кем болмауын қамтамасыз етуді сұраймыз.
Аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87 бабына сәйкес жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатының ескертеміз.
Тараз қаласы әкімдігі