Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемін есептеуге арналған онлайн-калькулятор іске қосылды

0 9

Оның көмегімен қазақстандықтар жәрдемақының алдын ала есебін дербес жүргізе алады. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің www.enbek.gov.kz ресми сайтында орналастырылған атаулы әлеуметтік көмек көлемін есептеуге арналған онлайн-калькуляторды іске қосты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA 24.kz-ке сілтеме жасап.

АӘК мөлшерін есептеу үшін тұрғылықты өңірін, отбасы мүшелерінің санын, жиынтық табысын: еңбекақыны, алиментті, жеке қосалқы шаруашылықтан, кәсіпкерлік қызметтен, жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға беру мен сатудан түскен табыстарды, кредиттен (микрокредиттен) түскен табыстарды, сондай-ақ басқа да табыс түрлерін көрсету қажет.

Сонымен бірге, АӘК мөлшерін есептеу кезінде 18 жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ жоғары және кәсіптік оқу орындарында күндізгі нысанда оқитын 23 жасқа дейінгі студенттердің саны енгізіледі.

Атаулы әлеуметтік көмек — аз қамтылған және табысы төмен азаматтар мен отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Естеріңізге сала кетейік, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% — нан 70% — ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Нәтижесінде, жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Бұл ретте, бұрын АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгені құраған болса, келесі айдан бастап, әр балаға 20 789 теңге болады.

Бұдан басқа, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңестерді бірыңғай байланыс-орталығының «111» нөмірі арқылы алуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.