Бүгін «Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен балаларға мектеп формасы мен қажетті құрал жабдықтар тапсырылды.
Бірнеше жылдан бері қолға алынған іс-шара биыл да жалғасын тауып отыр. «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар, партия белсенділері мен жанашырлары көп балалы және тұрмыс деңгейі төмен отбасылардағы оқушыларға жалпы сомасы 1 млн теңге болатын оқуға қажетті құрал-саймандар алып, керекті мектеп формасын сыйлады.
Алдыңғы жылдары ковид дерті дендеп тұрған уақытта адам жанына дауа іздеген дәрігерлердің мектеп жасындағы балаларына осындай жәрдем жасалса, арғы жылы Байзақ ауданында көмек қажет қылатын балаларға үлестіріліп еді. Былтыр партия белсенділері №1 Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне құрал-жабдықтарға толы арнайы сөмкелер сыйлаған. Сонымен қатар, партия белсенділері балаларға бассейн алаңы мен монша да соққан болатын.
Бұл жолы Жамбыл ауданының Түрксіб, Айша бибі, Жалпақтөбе, Жасөркен, Аса, Қаратау ауылдарында тұратын көпбалалы, тұрмыс деңгейі төмен және анасынан немесе әкесінен айырылған отбасылардағы балаларға жәрдем жасалды.
«Ауыл» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Берікбол Мәндібаев мұндай игі істі дәстүрлі түрде жалғастырып отыру жоспарда бар екендігін жеткізді. – Қоғамда түрлі жағдайлар кездесіп тұрады. Қуанышы мен қиындығы қатар жүретін тіршілікте балалардың мұңаюына жол бермеу қажет деп ойлаймын. Балалар келешекте елдің дамуына үлес қосатын азаматтар болып өссе, отбасының қамын ойлайтын жігіттер болып жетілсе деген үмітіміз бен тілегіміз бар. Дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан бастаманың үзіліп қалмауына үлес қосып жүрген партиядағы әріптестерімізге алғыс білдіреміз, — деді Берікбол Шатабайұлы.
Облыстық мәслихат депутаты Алтай Райкулов демеушілік жасаған азаматтар атынан оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім алу мен денсаулықты сақтауға өте көп көңіл бөлуге шақырды.
Айта кетейік, осындай іс-шаралар аудандардағы партия белсенділері тарапынан да жасалуда. Қазіргі кезде жүзден аса оқушыға мектеп жабдықтары тапсырылды.