Жамбыл облысында спорттық-туристік аймақ пен тау-шаңғы базасы салынады

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын ұлттық экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі әрі инвестиция тартуға ең тартымды салалардың қатарына жататынын бірнеше рет атап өткен болатын. Президент өңірлерге туристік инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуды және осы бағыттағы жобаларды қолдауды тапсырған.

Ішкі туризмнің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандардың бірі – Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының төрайымы, «Baiterek Travel Center» және «Каралма» туристік компанияларының директоры Балагүл Махатова. Ол көп жылдан бері ұлттық құндылықтарды насихаттап, туған өлкенің табиғи сұлулығын танытуға атсалысып келеді.

Балагүл Тахирқызы қолға алған маңызды жобалардың бірі – Жуалы ауданындағы «Тобышақты» этноауылы. Мұнда келушілер киіз үй қалашығында демалып, қонақүй қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, табиғат аясында тынығуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта бұл жерде спорттық-туристік аймақ пен заманауи тау-шаңғы базасын дамыту жоспарланып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, жоба мәдени мұраны сақтауға, ішкі туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді.

«Мен жас ұрпақ ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біліп, өз тамыры мен тарихын мақтан тұтса деймін», – дейді Балагүл Махатова.

Балагүл Тахирқызы басқаратын «Baiterek Travel Center» компаниясы 2017 жылы Астанада өткен халықаралық EXPO-2017 көрмесінің ресми туроператоры болып, Қазақстандағы үздік туристік фирмалар арасында үшінші орынды иеленген. Көрмені аталған компания арқылы 28 мыңнан астам адам тамашалаған.

Балагүл Махатованың пікірінше, туризмді дамыту – тек экономикалық әлеуетті арттыру ғана емес, сонымен бірге елдің мәдени және рухани бірлігін нығайтудың маңызды тетігі. Осындай отансүйгіш азаматтардың бастамаларының арқасында Жамбыл облысы бүгінде ішкі туризмді дамытуда әлеуеті жоғары өңірлердің біріне айналып келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.