Қазақстан паспорты: сапа мен сипат қандай

0 5

Қазақстанда төлқұжаттың 3 түрі қолданылады: жалпы азаматтық, қызметтік және дипломатиялық. Заң шеңберінде әрбірінің өзіндік құзыреті мен мүмкіндігі қарастырылған. Түсі мен ақпарында да айырмашылық бар. Халық арасында шетелге шығу үшін алғашқысы қолданылса, соңғы екеуі іскерлік сапарда қажет. Kazinform тілшісі төлқұжаттарды алу тәртібі мен қолдану аясын зерттеп көрді.

Төлқұжат алған азаматтар саны ұлғайды

Кейінгі жылдары қазақстандықтар арасында төлқұжат алу үрдісі үдеген. Есте болса, өткен жылы төлқұжат пен жеке куәлік беру сұраныстағы мемлекеттік қызметтер қатарында болған еді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2023 жылы 2,6 миллионнан астам төлқұжат пен жеке куәлік берілгенін растаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 300 мыңға артық. Ал Ішкі істер министрлігі елде барлығы 5 974 698 жарамды төлқұжат барын айтты. Демек, халықтың төрттен бір бөлігінде төлқұжат бар деген сөз. Жалпы 30 жыл ішінде, яғни 1994 жылдан бастап ҚР ІІМ жүйесінде 14 962 584 төлқұжат шығарылыпты. 692 467 төлқұжат азаматтардың ұлты көрсетілмей дайындалған.

төлқұжат
Инфографика: Kazinform

Қазақстандықтардың басым дені саяхат пен сапарда азаматтық көк түсті төлқұжатты пайдаланады. Ол – азаматтықты растайтын әрі шетелге шығуға мүмкіндік беретін құжат. Көк түсті, жазу мемлекеттік және ағылшын тілінде жазылған. Паспортта қажетті базалық мәліметтер көрсетіліп, шекара асу кезінде кең қолданылады. Төлқұжат қазақстандықтарға жасына қарамастан олардың қалауы бойынша беріледі. Төлқұжаттың жарамдылық мерзімі – 10 жыл. Алу тәртібі де шегеленген. Арнайы баж төлемін жасап, мерзімді күту қажет. Мысалы, биылдан бастап балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 4 АЕК (14 768 теңге) болды. Ересектер 36 беттен тұратын стандартты паспорт үшін 8 АЕК (27 600 теңге), 48 беттік құжат үшін 12 АЕК (44 304 теңге) төлейді. Ескеретін жайт, арнайы әлеуметтік топқа жататын азаматтар үшін ақы алынбайды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, төлқұжаттың техникалық сипаттамасы айқындалған. Мысалы, паспорт мөлшері 88×125 мм, бұрышы жұмырланған мұқаба, кемі 18 парақтан тұрады. Мұқабада паспорт иесі туралы электрондық ақпарат тасымалдауға арналған микросхема, яғни чип бар. Байқасақ, ара-тұра ел арасында бұл чипті «азаматтарды бақылау үшін қолданады» деген жаңсақ пікірлер жиі тарайды. Ресми мәліметте чипте кескіндемелік және мәтіндік ақпарат ғана сақталатыны әрі байланыс интерфейсі жоқ екені айтылған. Демек, ешқандай бақылау болуы мүмкін емес.

Баж төлемі мен өтінімнен кейінгі процедура – төлқұжат келуін күту. Әдетте төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, паспортты бір-екі күнде ала алуы мүмкін. Ол үшін арнайы санаттар қарастырылып, жеткізу күні белгіленіпті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1-санаттағы жеделдік – 1 жұмыс күні, 2-санаттағы жеделдік 2 жұмыс күні деп белгіленген. Ал облыс орталықтарында 1-санаттағы жеделдік – 3 жұмыс күні, 2-санаттағы жеделдік – 5 жұмыс күні болса, облыс аудандары мен қалаларында 3-санаттағы жеделдік – 7 жұмыс күні дайын болады.

паспорт төлқұжат
Фото: Kazinform

Қазақстан төлқұжаты көк түсте екені белгілі. Қызығы, бұл жайдан-жай таңдалған шешім емес, халықаралық норма мен идеологиялық ишара саналады. Себебі дүниежүзі елдерінің халықаралық төлқұжаттары төрт түспен шектеледі: көк, қызыл, жасыл және қара. 1920 жылы Ұлттар Лигасының конференциясында Халықаралық паспорттың стандартталған түрі туралы келісім қабылданды. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, мемлекеттер ортақ мәнде қадам жасауды құптаған. Кейбір ел мемлекеттік тудағы түстің бірін таңдаса, басқасы діни-саяси ахуалдың символикалық реңкін алған. Жалпы көк түс мемлекеттік рәміз – ту мен елтаңбада да кең қолданған. Қазақстан да көк тумен мәндес көк төлқұжатты таңдау арқылы сабақтас шешім шығарды десек, артық емес.

Саяхатшылар паспорттағы бейбітшілік пен тыныштықтың белгісіне айналған көк түс шетелдіктердің қызығушылығын тудыратынын айтады. Жиһанкез Таймас Абылайхан әрбір сапарында төлқұжат түсіне қатысты жағымды пікірді көп еститінін жеткізді.

– Саяхаттау мақсатымен әлемнің әр бұрышына жол түседі. Жасыратыны жоқ, шалғай жатқан мемлекеттегі тұрғындар Қазақстанды тани бермейді. Сондықтан паспортымды көріп, Қазақстан туралы көп сұрайды. Оларға біздің табиғат пен қонақжай халық туралы айтудан жалықпаймын. Соңғы кезде елдегі азаматтар арасында шетелге саяхаттау үрдісі белең алғалы мемлекет имиджі мен паспорт танымал бола бастады, – деді Таймас Абылайхан.

Абылайхан Таймас
Фото: Абылайхан Таймастың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Дипломатиялық және қызметтіктік паспорттың ерекшелігі неде?

Мемлекеттік қызметтегі азаматардың іссапар жүйесі азаматтық сектордан алабөтен. Оларға арналған виза мен көші-қон саясатында айырмашылық көп. Қызметтік төлқұжат қара түсте болады. Мұнда да мәтін екі тілде жазылады. Құжат ұлттық компания қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің іс-сапары кезінде беріледі. Ал дипломаттық құжат күрең жасыл түсте болады. Көбіне ҚР СІМ-нің дипломатиялық қызметкерлері мен жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерге арналған.

Бұл төлқұжаттардың иесіне шекарадан өту тәртібі, шетелде болу мерзімі өзгеше бекітілген. Ерекшелігі сол, қолсұғылмашылық құқы бар әрі Вена конвенциясы аясында артықшылық қарастырылғанын айта кету керек. Мысалы, қазақстандықтар үшін виза талап ететін Мажарстан, Мысыр, Израиль, Испания, Куба, Мексика, Венесуэла, Бельгия, Болгария секілді елдерге дипломатиялық және қызметтік паспорты бар азаматтар визасыз бара алады.

Өткен жылы желтоқсан айында дипломатиялық, қызметтік төлқұжаттардың үлгісіне өзгеріс енген болатын. Құжатта қос төлқұжатқа қойылатын талап шегеленіп, ереже нақтыланған. Әсіресе интаглио мөрі, бедерлі басу әдісімен басылған мөрлі нөмірлеу, ультракүлгінді қорғау, жасырын сурет, флуоресцентті жіп секілді сипаттамалар байқалады.

Айта кетейік, соңғы өзгеріске сәйкес Қазақстан паспортын беру құқы енді Сыртқы істер министрлігіне тиесілі. Сонымен қатар, ведомство құзыретіне қандастар квотасы да қоса берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.