Бүгін — Білім күні. Бүгін 360 мың бала мектеп табалдырығынан алғаш рет аттайды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 6 тамызда өткен үкімет отырысында осындай мәлімет келтірді.
Министрдің айтуынша, 2025-2026 оқу жылында елде 7859 мектеп балаларға білім бермек. Ғани Бейсембаев оның ішінде 6387 мектептің жағдайы жақсы екенін айтқан еді.
Министрлік берген кейінгі мәлімет бойынша 1 қыркүйектен бастап елдегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның 360 мыңнан астамы бірінші сынып оқушылары, 232 мыңы 11-сынып түлектері .
Ал әкімдіктер республика бойынша 1,7 млн баланың мектепте ыстық тамақты тегін ішуіне қажетті қаражатты дер кезінде бөлген. Бұл былтырғыдан 100 мың балаға көп.
Ғани Бейсембаев бұл оқу жылында 510 мың баланың мектепке дайындығына әкімдік есебінен қолдау болатынын айтқан.
Ал министрліктің 29 тамыздағы мәліметі бойынша, «Жалпыға бірдей білім беру қоры» ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылған. Бұл әкімдіктердің тізіміндегі 500 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді деген сөз. Биыл бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 46 228 теңге болып отыр. Ал жергілікті мәслихаттардың шешімімен Алматы қаласында бұл сома 55 мың теңге, Жамбыл облысында 53 117 теңге, Павлодар облысында — 53 663 теңге болып белгіленген.
Жаңа оқу жылында ел мектептерінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 1093 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде психологтар, арнайы және әлеуметтік педагогтер, педагог-ассистенттер ерекше балаларға қолайлы жағдай жасап, оларды мектеп ортасына бейімдеуге көмектеседі.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 163 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары аяқталып, 138 мыңнан астам оқушы жаңартылған және толықтай қайта жабдықталған мектептерде білім алады деп жоспарланған болатын.
Реновация бағдарламасы бойынша 127 мектеп жаңартылды. Онда 99 мыңға жуық бала білім алады. Сонымен қатар 1 мыңға жуық ауыл мектебінде робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндері бойынша 1108 заманауи кабинет орнатылды.
2025 жылы балаларды қосымша білім берумен қамту 3,2 млн баладан 3,4 млн-ға дейін ұлғайды. Олардың 62%-ы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Қазір республика бойынша 380 түрлі бағыттағы үйірме бойынша қызмет көрсететін 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді.
Биыл елдің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайы салынып жатыр. Әзірге Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында нысандар қолданысқа берілді.
Бүкіл ел аумағында 267 мың балаға арналған 232 мектеп салынып жатыр. Оның 83 мектебі оқу жылының басында, 111 мектебі оқу жылының аяғына дейін салынып біту керек.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынып жатыр. Қазір соның 130-ы ашылды, олардың 44%-ы ауылда салынған.