Жамбыл облысында биыл 25 білім нысанының құрылысы жүруде

0 15

Жамбыл облысында биыл 25 білім нысанының құрылысы жүруде десек, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып,  пайдалануға беріледі. Ал, 11 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен білім қызметкерлері кеңесінде жан-жақты айтылды.

Басқосуға арнайы қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова алғашқы болып сөз алып, өткен оқу жылының қорытындыларын, ағымдағы жағдайды және жаңа 2023 – 2024 оқу жылына арналған міндеттерге қысқаша тоқталды.

Ол биыл алғаш рет дәстүрлі кеңес еліміздің барлық өңірлерінде тақырыптық бағыттар бойынша жаңа форматта өтіп жатқандығын жеткізді және қабылданып жатқан жүйелі шаралардың арқасында бірнеше жыл бойы Халықаралық рейтингтерде еліміздің білім беру саласында оң өзгерістер байқалғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ҚР Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Исатай Сағындықов «Ұлттық тәрбие – сапалы білім берудің негізі», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Даурен Омаров «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою»  тақырыптарында баяндама жасады.

Өз кезегінде білім басқармасының басшысы  Мейірхан Өмірбек облыстың білім саласындағы жетістіктер мен мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі өңірде білім саласына айрықша назар аударылатындығын айтып, биыл білім саласына 284,8 млрд. теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады.

— Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Ағымдағы жылы облыста 25 білім нысанының құрылысы жүзеге асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соғылатын 12 мектептің жетеуінің құрылысы биыл,  бесеуі 2024 жылы басталады.

Бұдан бөлек, 4,4 млрд. теңгеге 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, 2,5 млрд. теңгеге мектептер жаңғыртылуда десек, бүгінге 22 модификациялық кабинеттер сатып алынды,-деді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ басшысы, білім беруді ақпараттандыру – сапалы білім берудің тетігі екендігін баса айтып, өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылғандығына назар аудартты.

— Интернет жылдамдығы 20 Мбит/сек төмен 165 мектептің жылдамдығын көтеруге 61 млн. теңге бөлінді. Байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 28 мектепте интернет жылдамдығы жақсарды. Техникалық мүмкіндігі бар 126 мектептегі жұмыстарды тез арада аяқтау қажет,-деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, биыл облыстың дарынды оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми додаларда 343 медальді иеленген.

Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алса, Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді.

Сонымен қатар, кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым-2023» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясына 48 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды.

Сондай-ақ, 10 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, ақшалай (500 мың, 1 млн.теңгеден) сертификаттарға ие болды.

Бұдан бөлек, бірқатар педагогтерге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалі және Құрмет дипломдары табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.