Бүгін Сенат отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Қазір ақпараттың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір ғана жалған дерек санаулы уақытта адамға орасан нұқсан келтіре алады. Сондықтан, біз азаматтарды осындай жағдайдан қорғай отырып, бұл мәселені сотқа дейін реттеу жолын ұсынып отырмыз. Әрине, бұл ретте заңда БАҚ-тың теріске шығарудан бас тартып, азаматтың сотқа жүгінуін күту сақталады», — дедi Д. Абаев.
Министрдiң айтуынша, ақпарат құралдарында азаматтардың суретін олардың рұқсатынсыз қолдануға арналған талаптар тізiмi бекітілді. Мысалы, ендi қандай да бір тұлға мәдени, спорттық және басқа да көпшiлiк шараларға қатысып әрi жұрт алдында сөз сөйлесе, журналистер оның суретін рұқсат сұрамай-ақ жариялай алады.
«Заң жобасында балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да қарастырылған. Атап айтсақ, жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды «тазартылған» интернет контентпен қамтамасыз ету талабы көзделiп отыр. Сонымен қоса, күш көрсету, жәбірлеу салдарынан зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу сияқты өзгерістер ұсынылып отыр», — дейді ведомство басшысы.
Министрдiң айтуынша, басқа да өзгерiстер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы ақпарат, байланыс және ақпараттандыру субъектілері үшін оңтайлы жағдай жасап, олардың одан әрі қарқынды дамуына бағытталған.
Дереккөз: baq.kz