Байзақ ауданында биылғы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген жоспардан 1683,2 гектарға немесе 3,3 пайызға артығымен орындалған. Бұл туралы аудан әкімдігінің мәжілісінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков баяндады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Болат Мырзаханұлының айтуынша, аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 169 971 гектарды құрайтынын алға тарта отырып, егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс, бақша, арпа және мал азықтық дақылдарға басымдық берілгенін жеткізді. Сонымен қатар, күзгі егіс — дала жұмыстары мен келесі жылдың өнімдері үшін дақылдар себу жұмыстарына жұмылдырылған техникалар, жаңадан сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары, тамшылатып суару технологиясы, жылыжай шаруашылықтарын дамыту барысы, мемлекет тарапынан бөлінген жеңілдетілген бағадағы дизель отыны, егілген дақылдар мен жиналған өнімдердің көрсеткіштері, жиналған мал азығының көлемі, күздік бидай егуге дайындалған жер мен сүдігер жырту жұмыстарының жүргізілуі туралы жан-жақты айтылды.
Баяндамадан соң аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Оразымбетов пен Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаев жарыссөзге шығып, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесулері барысында айтылған тұрғындардың ұсыныстары мен ескертулерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы және де аудан әкімдігінің 2017 жылғы 7 маусымдағы «Байзақ аудандық терроризмге қарсы комиссия құру туралы» №206 Қаулысына өзгерістер енгізу туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ақбаев хабарлама жасады.
Бұдан кейін мәжілістің күн тәртібі ретімен жалғасып, онда бөлімдер басшыларының хабарламалары тыңдалып, оның әрбіріне қатысты тиісті шешімдер қабылданды.
Айта кетейік, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиевтің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде қырық бір мәселе қаралды.
Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТОВ