Құмарық ауылдық округінің өткен жылғы жалпы бюджеті 58 млн. 886 мың теңгені құрады

0 1

Т. Рысқұлов ауданына қарасты Құмарық ауылдық округінің әкімі Бейнбет Айдаралиев Қаракемер және Алғабас ауылы тұрғындарымен кездесіп, халық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Құмарық ауылдық округі әкімінің аппараты 2018 жылғы жалпы бюджеті 58 млн. 886 мың теңгені құрады. Оның ішінде, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бюджеттен бөлінген 3,5 млн. теңге қаржыға Алғабас ауылына Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне ескерткіш орнатылды.

Бүгінгі күнге ауылдық округтің негізгі салық түсімдерінің бірі – көлік салығынан 6 млн. 505844 теңге, жеке кәсіпкерліктен 1 млн. 822671 теңге түсіп отыр. Жер және мүлік салығы бойынша берілген тапсырма мүліктен 103 пайызға, жер салығынан 100 пайызға орындалды.

Сондай-ақ, округтегі аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жұмыстары бойынша 56 отбасының 310 баласына 15 млн. 399 мың теңге тағайындалып, берілді. Қоғамдық жұмыстарға 22 адам екі мерзімнен тартылды. Өз кәсібін ашуға және қайтадан мамандық алып оқытуға 7 адам даярлықтан өтіп, несие алып, бизнес жоспарларына сәйкес жұмыс жасауда.

Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша 76 шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысуда. 2018 жылы 50 шаруа қожалық егістік жерлердің 4672 гектарына күздік бидай, 4456 гектарына жаздық арпа сеуіп, орта есеппен гектарына 28 центнерден өнім алды. Шаруа қожалықтарының есебіндегі 9604 гектар жерді игеру 85 пайыз болып, қалған 15 пайыз жері келер жылға егістік егуге тыңайтуға қалдырылды. Егістік жерді игеруді толық пайдалануға қол жетті. Мал шаруашылығы саласы бойынша 2017 жылмен салыстырғанда, өткен жылы қой 2366 басқа өсіп, 45244 басқа жетті. Мүйізді ірі қара 60 басқа өсіп, 1969 басқа, жылқы 1253, құстар 4463 басқа жетіп, малдың өсімі байқалып отыр. Мал шаруашылығын дамыту бағытында «Ынтымақ», «Шыңырау», «Нұрақ», «Мейрам» шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан берілетін «Сыбаға»,«Алтын асық», «Ырыс», «Құлан» бағдарламалары арқылы кепілдікке мүлік қойып, жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтіп отыр. Мал басының өсіп-өнуіне ветеринариялық жұмыстарды атқарудың маңызы зор. Ауылда ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Түрлі ауруларға қарсы ірі қарадан 1600 бас, ұсақ малдан 32 мың бас емделді. 26 мың малдан қан алынып, 800 бас жылқы сібір жарасына қарсы емделді.

Жиында Қаракемер ауылында электр бағандарын жөндеу және мектепке дейінгі білім беру мекемелері туралы ұсыныстар берілді. Әкім бұл мәселелер жуық арада оң шешімін табатынын, оны шешу жолдарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.