2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 327 мыңнан астам адамға жетіп, облыс тұрғындарының 29,1% құрады. Бұл туралы ӨКҚ алаңында облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 7,8 мың адамға немесе 0,5% өсті. Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 144,8 мың адамға жеткен.
Қазіргі кезде облыста 48 спорт мекемесі бар Олардың 30-ы аудан әкімдіктерінің құзырында. Жалпы, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның ішінде 24 олимпиадалық, 12 олимпиадалық емес және 7 ұлттық спорт түрі бар.Облыстағы спорт мекемелерінде 25 068 спортшы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Өткен жылдың қорытындысы облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 3286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 603,7 мың адам қатысқан.
Соның ішінде соңғы жылдары спорт және білім басқармалары бірлесіп өкізіп келе жатқан облыстық «Мектеп Лигасы» спорттық ойындарына 101 мыңнан астам оқушы қатысты. Ал жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарының білімгерлері арасындағы спартакиадалар, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ауылдық, аудандық және облыстық іріктеу жарыстары, асық атудан «Алтын сақа» ауылдық, аудандық және облыстық жарыстары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Аула ойындары фестивалі» және басқа да көптеген бұқаралық сипаттағы жоспарлы іс-шаралар өткізілген.
Қазіргі таңда, облыста спорт нысандарының жалпы саны 2 341-ге жеткен Оның ішінде 1640 спорт нысаны ауылдарда орналасқан. Өткен жылы облыс бойынша қолжетімді 1933 спорт нысаны анықталды. Оның 503-і Тараз қаласында, 1430-ы аудандарда орналасқан.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдық мерей тойы қарсаңында облыс бойынша 5 спорт нысаны ашылып, халық игілігіне берілген болатын. Ал облыс спортшылары жалпы 1547 медальға қол жеткізген.